Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Жаңалықтар

Астанада жаңа конституциялық реформаны іске асырудағы рухани көшбасшылардың рөлі талқыланды

Бөлісу

2026 жылғы 17 сәуірде Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Қазақстандағы діни бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын іске асыру жағдайындағы зайырлы мемлекет және рухани құндылықтар» тақырыбында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жалпыұлттық референдумда қабылданған Негізгі заңның жасампаз құндылықтарын ілгерілету үдерісіне рухани көшбасшылардың қатысуын қамтамасыз ету, сондай-ақ конфессияаралық келісімнің басты шарты ретінде мемлекеттің зайырлы негіздерін нығайту.

Іс-шараны өз алғысөзімен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Әнуар Хатиев ашты. Ол Қазақстанның адам құқықтары мен қоғамдық келісім басымдық берілетін Әділетті Қазақстанды құру кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Сондай-ақ, Конституцияның дін мен мемлекеттің бөліну қағидатын конституциялық деңгейде бекіткен 7-бабына назар аударды. Комитет басшысы жаңа Конституция тек дін өкілдерінің құқықтарын қорғап қана қоймай, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін нақты шектеулер белгілейтінін, азаматтардың жеке таңдауына қол сұқпай, конфессиялар қызметінің ашық құқықтық шектерін айқындайтынын атап өтті.

Халықаралық Орталықтың Басқарма төрағасы Гүлсана Қожабай Әнуар Хатиевтің пікірін қолдай отырып, Конституциялық жаңғыртуға қатысты стратегиялық көзқарас ұсынды. Ол жаңа Конституция біздің болашағымыздың негізі, қоғамның құндылық бағдарларының кемелдігін көрсететін құжат әрі жаһандық сын-қатерлер жағдайында негізгі мән-мағыналарды сақтаудың құралы екенін атап өтті. Сондай-ақ, Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтің тезисіне сүйене отырып, елдің болашағы мемлекеттің озық қимылдай алу қабілетіне тікелей байланысты екенін атап өтті.    Гүлсана Қожабай қазақстандық модельдегі зайырлылық діннен бас тартуды білдірмейтінін, керісінше ар-ождан бостандығы, наным-сенімге құрмет және мемлекеттің бейтарап ұстанымы арқылы көрініс табатынын атап өтті. Осы тұрғыда жаңа Конституция қоғамдық институттарды әлемдік даму үдерістеріне бейімдеуге мүмкіндік беретін стратегия болып табылады.

Талқылау барысында конфессия жетекшілері өз дәстүрлеріне сүйене отырып, конституциялық реформаларға терең талдау жасады. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Шоқанов пен аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев технологиядан бастап  идеологиялық салаға дейінгі барлық бағыттарда мемлекеттің тәуелсіздігін сақтау әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін, ал ұлттық мәдениеттің үстемдігі қоғамдағы үйлесімділік кепілі болып табылатынын атап өтті. 

Бұл сабақтастық туралы ойды бас раввин Шмуэль Карнаух қолдап, жоғары этика мен әділет қағидаттары ұрпақтан ұрпаққа берілетінін және кез келген орнықты Конституцияның іргетасы екеніне тоқталды. Ол сондай-ақ Қазақстан тәуелсіздік жылдарында діндердің бейбіт өмір сүруінің өміршең жүйесі дәл зайырлылық пен өзара құрмет арқылы көрініс табатынын дәлелдегенін айтты.

Қатысушылар әлеуметтік жауапкершілік пен құқықтың «адамдық өлшеміне» ерекше назар аударды. Орыс Православие Шіркеуінің өкілі, дін қызметкері Андрей Парфенов және Қасиетті Мария Архиепархиясының монсеньоры Петр Пытлованы Негізгі заңның христиан іліміндегі тұлға қадір-қасиеті туралы ұстанымдармен үндес екенін атап өтіп, «сау зайырлылық» сенімді ығыстырмай, керісінше отбасы институтын бірлесіп қорғауға жағдай жасайтынын айтты. 

Қазақстандағы Евангелиялық-Лютерандық шіркеуінің басшысы, епископ Ростислав Новгородов бұл ойды жауапкершілік салаларын бөлу жөніндегі теологиялық қағида арқылы толықтырды. Ол зайырлы мемлекетті шектеу ретінде емес, діни өзін-өзі айқындаудың шынайы кеңістігі ретінде қарастыру керектігін, мұнда рухани құндылықтардың әмбебап сипатқа ие болатынын түсіндірді.   

Тәжірибелік ынтымақтастық пен белсенді азаматтық тақырыбын Діни бірлестіктер қауымдастығының жетекшісі Александр Клюшев, Бахаи қауымдастығының өкілі Ляззат Янгалиева және «Кришна санасы қоғамы» жастар қанатының басшысы Талғат Карипаев дамытты. Сарапшылар зорлық-зомбылық жасамау мен шыншылдық сияқты рухани қағидаттардың заңға сенімді тірек болатынын, ал әрбір қауымдастықтың міндеті — жаңа Конституция аясындағы құқықтық кеңістікті қоғамға қызмет ету үшін барынша тиімді пайдалану екенін атап өтті.  Көпэтносты Қазақстан үшін конфессияаралық диалог, қауымдастықтар мен мемлекет арасындағы сенім елдің көптүрлілігін стратегиялық күшке айналдырады. Александр Клюшев қазіргі Қазақстан — әрбір азамат пен әрбір конфессия тікелей қатысатын жасампаздықтың бірегей тәжірибесі болып табылатынын тілге тиек етті.

Реформалардың ғылыми және құқықтық негіздемесін Діндерді зерттеу орталығының сарапшы-дінтанушысы Олег Синяков пен Халықаралық орталықтың департамент директоры Дулат Жақиянов ұсынды. Зайырлылық – бұл салалардың институционалдық тұрғыда ажыратылуын білдіреді, бұл ретте рухани құндылықтар ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігі болып қала береді. Мемлекеттің құқықтық бейтараптығы мен конфессиялардың жасампаз әлеуетінің үйлесуі қоғамның жаһандану мен радикализм сын-қатерлеріне төтеп беру тұрақтылығын қамтамасыз етеді деген тұжырым айтылды.

Талқылау барысында барлық конфессия өкілдері конституциялық реформаға қолдау көрсететінін айтып, оның қоғамдық келісімді нығайтудағы және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті. Ерекше назар Негізгі заңның 7-бабына аударылды, ол мемлекеттің зайырлы сипаты мен діни сенім бостандығы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін маңызды норма ретінде қолдау тапты. 

Қорытындылай келе, кездесудің модераторы және Халықаралық орталық Төрағасының орынбасары Татьяна Липина мемлекет пен азаматтық сектордың күш-жігерінің арқасында елдегі конфессияаралық диалогтың табысты түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Ол бейбіт өмір сүру — күнделікті еңбектің нәтижесі екенін, ал діни көшбасшылардың мұндай іс-шараларға қатысуы өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін үздіксіз іздеуге ұмтылысын көрсететініне ерекше тоқталды.

Қатысушылар мұндай алаңдардың өзекті қоғамдық үдерістер бойынша ашық әрі мазмұнды диалог жүргізудегі маңызын атап өтіп, сындарлы әріптестік үшін тұрақты жағдай жасап отырған Орталыққа алғыс білдірді.