2026 жылғы 12 ақпанда Астанада Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Абдельсаламның «Папа Франциск пен Бас имам: күрделі жол Адамзаттық бауырластық құжатының дүниеге келуі» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітап 2019 жылғы 4 ақпанда Абу-Дабиде Рим Папасы Франциск пен Әл-Азһардың Жоғарғы имамы Ахмад ат-Тайебтің (Мысыр) кездесуінен кейін қол қойылған Адамзат бауырластығы туралы құжатқа арналған. Басылымда құжаттың қабылдануына негіз болған алғышарттар мен оны әзірлеу кезеңдері, сондай-ақ сенімді нығайту, бейбітшілік мәдениетін қалыптастыру және ынтымақтастықты дамыту жолындағы рухани дипломатия мен конфессияаралық диалогтың рөлі кеңінен ашып көрсетіледі.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бастамасымен Мұсылман ақсақалдар кеңесі мен Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Тұсаукесерде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев құттықтау сөз сөйледі. Ол бұл бірегей құжатты «рухани дипломатияның шынайы манифесі» деп атап, қазіргі геосаяси дағдарыстар, радикализм мен ксенофобия күшейген жағдайда дінаралық және мәдениетаралық диалог сенімді нығайтудың әрі орнықты дамудың басты құралына айналып отырғанын айтты.
Тұсаукесердің модераторы – Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі. Ол өз сөзінде әділеттілік пен бірлік қағидаттарына негізделген кітаптың терең философиялық мәніне тоқталып, оның жеті тілге, соның ішінде қазақ тіліне аударылуы еңбектің әмбебап сипаты мен сұранысқа ие екенін көрсететінін атап өтті.
Спикерлер ретінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев, Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Абдельсалам, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, қазақстандық мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов, Қасиетті Тақтың Қазақстан Республикасындағы Апостолдық нунцийі Джордж Панамтунди́л және Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының Басқарма Төрайымы Гүлсана Қожабай сөз сөйледі.
Іс-шараға Сенат депутаттары, діни бірлестіктердің өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, сондай-ақ сараптамалық және академиялық қауымдастықтың жетекші өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен Мәулен Әшімбаев Мұхаммед Абдельсаламға дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамытуға, бейбітшілікті нығайтуға және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің идеяларын ілгерілетуге қосқан елеулі үлесі үшін I дәрежелі «Достық» орденін салтанатты түрде табыстады. Бұл марапат оның қызметіне берілген жоғары бағаның және Қазақстан тарапынан көрсетілген шынайы құрметтің белгісі болды.
Мұхаммед Абдельсалам өз сөзінде Қазақстан мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі мәдениеттер мен діндер арасындағы маңызды коммуникациялық көпір екенін атап өтті. Ол Адамзат бауырластығы және бейбіт қатар өмір сүру туралы бірлескен құжатты әзірлеу Рим Папасы Франциск пен әл-Азһардың Жоғарғы имамының тоғыз айға созылған қажырлы еңбегінің нәтижесі болған тарихи әрі күрделі үдеріс екенін айтты. Оның пікірінше, бұл құжат ислам мен христиандық арасындағы келісім ғана емес, адамзат жүрегіне жолданған үндеу. Автор кітаптың жарық көруіне қолдау көрсеткені үшін Қазақстанға алғыс білдіріп, Съездің Құрметті Елшісі мәртебесіне ие болуды зор мәртебе санайтынын жеткізді. Сондай-ақ кітапты басып шығару бастамасын қолдағаны және Құжаттың маңыздылығы туралы ережені Астана декларациясына енгізгені үшін Қазақстан мен Съезге айрықша алғыс білдірілді.
Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған дәуірде адамзатқа рухани бағдар мен діни көшбасшылардың жауапкершілігі аса қажет екенін атап өтті. Ол Адамзат бауырластығы туралы құжат халықаралық деңгейде, соның ішінде БҰҰ аясында жоғары бағаланғанын және шынайы сенім адамдарды бейбітшілік, келісім және өзара құрмет негізінде біріктіретінін дәлелдейтін маңызды құжатқа айналғанын айтты. Бас мүфти кітап қазақстандық оқырмандар тарапынан жылы қабылданатынына сенім білдіріп, авторды жоғары марапатымен құттықтады.
Мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов еңбектің философиялық тереңдігіне және бейбітшілік пен адамзат бауырластығы идеяларын ілгерілетудегі үлесіне тоқталды.
Апостолдық нунций Джордж Панамтунди́л шынайы диалог — стратегия емес, шақыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, осы құндылықты орнықтыру жолындағы маңызды белес — Адамзат бауырластығы туралы құжат. Құжат қазіргі заманның басты міндеті — жалпыға ортақ бірлік идеясын ашу екенін еске салады. Дұға, диалог және ынтымақ — бейбітшіліктің берік тіректері, ал диалог өмір салты мен жүрек жолына айналуы тиіс.
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Басқарма Төрайымы Гүлсана Қожабай кітапта тек құжатқа қол қою тарихы ғана емес, діни көшбасшылардың диалог пен жауапкершілікті саналы түрде таңдауы көрініс тапқанын атап өтті. Бұл қадам әлемдегі рухани дипломатияның дамуына, соның ішінде Қазақстанның диалог үлгісі мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі қызметі аясында ұзақмерзімді ықпал ететіні айтылды. Ол сондай-ақ XIII ғасырда Мысырға сапар шегіп, сұлтан Мәлік әл-Кәмилмен кездескен Әулие Франциск Ассизскийдің өмірімен тарихи параллель жүргізді. Оның айтуынша, өзге сенімге құрмет танытып, бейбіт диалогқа ұмтылған бұл тарихи оқиға бүгінгі бастамаларға шабыт беріп, ізгі ниет үлкен жасампаз мүмкіндіктерге жол ашатынын дәлелдейді.
Қорытындылай келе, Мәулен Әшімбаев дінаралық және өркениетаралық диалогты дамыту Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басым саясаты екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан мұндай бастамаларға жүйелі қолдау көрсету ел ішінде де, халықаралық аренада да бейбітшілік пен келісімді нығайтудың берік негізін қалыптастырып, Қазақстанның адамзат бауырластығы мен жаһандық тұрақтылық идеяларына адалдығын айқындайды.