2025 жылдың 1 желтоқсанында Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының Басқарма Төрайымы Гүлсана Қожабай Палестинаның Жоғарғы судьясы, Шариғат соттары кеңесінің төрағасы және Президенттің діни істер мен ислам қатынастары жөніндегі кеңесшісі Махмұд Әл-Хаббашпен кездесу өткізді.
Палестина тарапынан кездесуге Палестина Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі доктор Монтасер Абу Зейд, Елшіліктің бірінші хатшысы Аббас Шахин, екінші хатшы Мирза Хазем және Елшінің ассистенті Айгүл Мұқашева қатысты.
Қазақстан тарапынан Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Басқарма Төрағасының кеңесшісі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінің Ізгі ниет елшісі Болат Сәрсенбаев және Басқарма Төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров қатысты.
Гүлсана Қожабай қонақтарға Орталықтың қызметі мен негізгі бағыттары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ конфессияаралық және дінаралық диалогты нығайтуға, өзара құрмет мәдениетін ілгерілетуге бағытталған жұмыстарды атап өтті. Ол Орталық қалыптастырып отырған халықаралық платформаның әлемдік және дәстүрлі конфессиялар лидерлерінің конструктивті ынтымақтастығын дамытуға және жаһандық деңгейде сенімді арттыруға қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, Гүлсана Қожабай жасанды интеллектті қолдану этикасы бойынша өткізіліп жатқан талқылаулар туралы айтып, «Ізгі ниет елшілері» институтының халықаралық деңгейде диалогты, бейбітшілік бастамаларын және гуманистік құндылықтарды ілгерілетудегі маңызды рөлін атап өтті.
Палестина делегациясының басшысы өз еліндегі діни ахуал туралы мәлімет беріп, Палестинада да Қазақстандағы сияқты толеранттылық, өзара құрмет және конфессияаралық келісім жоғары деңгейде сақталғанын баяндады.
Тараптар ынтымақтастықты дамытудың ықтимал бағыттары жөнінде пікір алмасып, диалогты нығайтудың, гуманистік бастамаларды кеңейтудің және конструктивті өзара іс-қимылды арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында Гүлсана Қожабай делегацияға алғысын білдіріп, жылы әрі мазмұнды диалогты жоғары бағалайтынын атап өтті. Сондай-ақ ол тараптардың өзара түсіністігі мен діни саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.