2025 жылдың 24 қарашасында Алматы қаласында Navabharat Global Excellence Summit 2025 екінші рет өтті. Саммитке Үндістан мен Қазақстаннан келген білім беру саласының өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты. Шара халықаралық диалог құру, тәжірибе алмасу және түрлі салаларды дамытуға бағытталған инновациялық тәсілдерді ілгерілету үшін бірегей алаңға айналды.
Саммиттің ұйымдастырушысы Үндістандағы көлемі бойынша үшінші медиатоп болып саналатын Navabharat Media компаниясы. Іс-шараға сондай-ақ Navabharat Media компаниясының атқарушы директоры және иесі Валибхав Макешвари қатысты.
Саммит жұмысына Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Басқарма Төрағасының кеңесшісі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезінің Ізгі ниет елшісі Болат Сәрсенбаев қатысты. Оның қатысуы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, дінаралықұ диалогты ілгерілету, бейбітшілік бастамаларын нығайту және жаһандық сын-қатерлерді шешу жолында әлемдік қауымдастықтың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын көрсетті.
Өз сөзінде Болат Сәрсенбаев Қазақстанның әртүрлі мәдениеттер мен конфессиялардың мүдделері тоғысатын халықаралық диалог алаңы ретіндегі рөлін атап өтті. Сондай-ақ, тұрақты даму мен жаһандық тұрақтылықты нығайту мақсатында ғылыми, қоғамдық және діни институттардың өзара іс-қимыл жасауының қажеттігін ерекше атап өтті.
Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, алдағы уақытта да ынтымақтастыққа ашық екендіктерін жеткізді.