Елбасының 80 жылдығы қарсаңында 2020 жылғы 1 шілдеде Қазақтан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшілігінің бастамасымен Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы және Ресей-араб зерттеу және ақпарат орталығымен бірлесе отырып «Нұрсұлтан Назарбаев: дәуір, тұлға, мұрасы» атты бейнеконференция ұйымдастырылды.
Іс-шараға Сауд Арабиясының Шура мәжілісінің мүшелері (парламент), Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) басшылығы, дипломаттар, сарапшылар, қоғам қайраткерлері, ірі бизнесмендер, БАҚ өкілдері және т.б. қатысты.
Еліміздің Сауд Арабиясындағы Елшісі Б.Арын өзінің алғы сөзінде бұл конференция Елбасының қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы рөлі, араб және мұсылман елдерімен достық қарым-қатынастарын қалыптастыруға, әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға қосқан зор үлесі мен маңызды халықаралық бастамаларына арналғанын атап өтті.
Өз кезегінде бейнеконференцияға қатысушылар Қазақстан мен Сауд Арабиясы қарым-қатынастарының қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдеріндегі Елбасының рөлі туралы кеңінен баяндап, қазіргі кезеңдегі саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастық туралы пікірлерімен бөлісті.
«Сауд Арабиясы-Қазақстан» парламенттік достық тобының тең төрағасы Абдельазиз әл-Исса осыдан ширек ғасыр бұрын біздің елдеріміз арасында өзара сенім мен сыйластыққа негізделген достық қарым-қатынастар қаланғанын. Қазіргі кезде екі мемлекет басшыларының данагөй және сындарлы саясаттарының арқасында мемлекетаралық ынтымақтастық екі ел халықтарының игілігі жолында барлық салаларда белсенді дамып келе жатқандығын атап өтті.
ИЫҰ Бас хатшысының орынбасары А.Мусинов Елбасының Қазақстанның араб және мұсылман елдерімен қарым-қатынастарын қалыптастырудағы еңбегі туралы баяндап, Ұйым шеңберінде Елбасы Н.Назарбаевтың сәтті жүзеге асырылып жатқан маңызды бастамаларына тоқталды.
Ресейдің ИЫҰ жанындағы тұрақты өкілі Р.Абдулатипов қазіргі Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының тарихи кезеңдеріне тоқталып, оның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың орасан еңбегінің арқасында бүгінде әлемдік қауымдастықта бедел мен құрметке ие жетекші мемлекетке айналғанын айтты.
Сауд Арабиясындағы ең ірі компаниялардың бірі «Zamil Group» холдингінің төрағасы доктор Абдулрахман Әл Замиль еліміздің тәуелсіздік алған бастапқы жылдарында Президент Н.Назарбаевпен сауда-экономикалық инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылаған кездесулерін, сауд бизнесмендерінің қазақстандық нарықтағы алғашқы қадамдарына Елбасының қолдауын есіне алды.
Конференцияға қатысушылардың пікірінше Нұрсұлтан Назарабевтың барлық халықаралық бастамалары әлемдік қоғамдастық тарапынан қолдау тауып, осылайша қазіргі Қазақстан Еуропа мен Азия, Батыс пен Шығыс арасында сенімді диалог орнату, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі белсенді геосаяси орталыққа айналды.
Дүниежүзілік ислам лигасының өкілі Абдельазиз бен Ахмад Сархан және Исламабад халықаралық ислам университетінің өкілі Мұхаммед Зия Уль-Хақ Елбасының бастамасымен өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі бүгінгі күнде Дінаралық және конфессияаралық диалог арқылы татуласу мен үйлесімділікке шақыратын, өзекті халықаралық мәселелерді талқылайтын алаң болып қалыптасқандығы туралы баяндады.
Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Алтай Әбибуллаев өз сөзінде, іс-шараға қатысушыларға Елбасының бүкіл әлемге танылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін, бірегей жаһандық конфессияаралық үнқатысуды шақыру жөніндегі бастамаларын қолдағаны үшін алғысын білдірді.
Сонымен бірге Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың мұрасындағы маңызды орын оның Орталық Азия кеңістігінде Ислам құндылықтары мен дәстүрлерін кеңінен нығайтуға қосқан үлесін де атап өтті.
Отырыс соңында қатысушылар елдің беделін көтеріп, халықаралық байланыстарды одан әрі нығайту Елбасы сеніп тапсырған жаңа буынның абыройлы міндеті екендігін атап өтті. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің орасан зор мұрасы қазіргі әлемнің тұрақты дамуы үшін ерекше зерделеуді және терең зерттеуді қажет етеді деген қорытындыға келді. Сондай-ақ, олар Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа толассыз табыстар, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі, Қазақстанның одан әрі гүлденіп мол игіліктерге жете беруіне тілектестіктерін білдірді.