Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қабырғасында Республика күніне орай салтанатты кездесулер өтті. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Сенат Аппаратының Басшысы Максим Споткай Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының қызметкерлерін мемлекеттік мерекемен құттықтап, 2025 жылғы 17–18 қыркүйекте Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезін ұйымдастыру мен өткізуге, сондай-ақ осы бірегей дінаралық алаңның идеяларын іске асыруға қосқан үлестері үшін ризашылық білдірді.
Іс-шара барысында Орталық қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының және Сенат Аппараты Басшысының атынан мемлекеттік наградалар, құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етілді.
Сенат басшылығы Орталық ұжымының жоғары кәсібилігін атап өтіп, ауқымды халықаралық форумның табысты өтуі барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың үйлесімді еңбегі, Съездің беделі және халықаралық серіктестермен тиімді ынтымақтастықтың нәтижесі болғанын атап көрсетті.
Сонымен қатар, Сенат басшылығы Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының бейбітшілік пен дінаралық келісімді, рухани дипломатияны нығайтуға бағытталған Съезд идеялары мен шешімдерін ілгерілетудегі рөлін ерекше атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс Қазақстанның жаһандық өркениеттер диалогына қосқан маңызды үлесі болып табылады.