Жаңалықтар

Қазақстан мен АҚШ діни бостандық саласында тәжірибе алмасуды күшейтті

Бөлісу

Вашингтондағы «Халықаралық діни еркіндік саласын ілгерілетушілер форумы» аясында Қазақстанның бейбітшілік жолындағы бастамалары жоғары бағаланды, деп хабарлайды 24KZ. Іс-шараға АҚШ билігінің өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, діни және азаматтық қоғамның белсенді мүшелері мен сарапшылар қатысты. Олар еліміздің діни сенім бостандығы мен этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған бірегей тәжірибесіне тоқталды.

Қыркүйек айында Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дайындық барысымен танысты. Қатысушылар Қазақстанмен көпжылдық ынтымақтастықтары туралы естеліктерімен бөлісіп, биылғы съезден зор үміт күтетінін жеткізді.

Брайан Грим, «Діни бостандық және бизнес қорының» президенті:

- Мен Қазақстанға алғаш рет 1989 жылы барып, сонда біраз жыл тұрдым. Менің тұңғыш қызым қазақ тілі мектебіне барған алғашқы америкалық оқушы ретінде тарихқа енді. Біз оның осы қадамын, қазақ мәдениетімен етене танысуын өте қолдадық. Соны естіген композитор Ескендір Хасанғалиев Маликамыздың талпынысына таңданып, оған ән арнап, бірге ел аралады. Халық сондай жылы қабылдады. Осы бір естеліктен Қазақстанның қонақжайлығын, бірлік пен татулыққа деген ұмтылысын айқын көруге болады. Сол себепті де Қазақстан әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезін өткізіп, бейбітшіліктің туын көтеруге лайық ел деп санаймын.

Ян Фигель, ЕО дін бостандығын ілгерілету жөніндегі Еуропалық комиссияның алғашқы арнайы өкілі:

- Дін көшбасшыларының өзара диалогқа келуі қазір үлкен маңызға ие. Сондықтан Астанадағы жиынның жауапкершілігі зор. Себебі бұл пікір алмасу ғана емес, бірлік пен бейбітшілікке ұмтылу. Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс, Африка елдеріндегі соғыстар мен өзге де қақтығыстар осы Астана съезінің аса маңыздылығын көрсетіп отыр.


Толығырақ: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/sayasat/713380-kazakstan-men-aks-dini-bostandyk-salasynda-taziribe-almasudy-kusejtti