2025 жылғы 23 мамырда бұрын қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандумды жүзеге асыру аясында Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Төрағасының м.а. М.У. Қалижанов пен «Діндер бейбітшілік үшін» халықаралық дінаралық ұйымының Бас хатшысы доктор Фрэнсис Курия Кагеманың онлайн кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар діндер арасындағы диалог пен мәдени-рухани түсіністікті ілгерілету мақсатында екіжақты ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға өзара мүдделі екендіктерін көрсетті. Беделді халықаралық және қазақстандық БАҚ-та аналитикалық және сараптамалық материалдарды, мақалалар мен сұхбаттарды жариялауды қоса алғанда, ынтымақтастықты жандандырудың нақты қадамдары талқыланды.
Доктор Курия Қазақстанның дінаралық диалог саласындағы бастамаларына, атап айтқанда, 2025 жылдың қыркүйегінде Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне дайындық аясындағы бастамаларына қолдау білдірді.
Тараптар VIII съезд барысында ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттарын толығырақ талқылауға, сондай-ақ конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді нығайту бойынша жаһандық күш-жігерді ілгерілетуге бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізуге келісті.