Жаңалықтар

Еуразиялық диалог Қазақстан – жаңа көкжиектерді іздеуде

Бөлісу

2025 жылғы 29 сәуірде Астанада «Шығыс-Батыс» геосаяси болжау Халықаралық орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Еуразиялық диалог. Қазақстан – жаңа көкжиектерді іздеуде» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Орталық Азия мемлекеттері мен Ресейдің дипломатиялық корпус өкілдері, халықаралық қатынастар саласындағы белгілі сарапшылар мен зерттеуші ғалымдар қатысты. Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы атынан Орталық Басқарма төрағасының кеңесшісі Б. Сәрсенбаев өкілдік етті.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – Еуразия кеңістігіндегі сарапшылық пікірталасты дамытып, Орталық Азия елдері мен Ресей арасындағы саяси, экономикалық, гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал ету.

Өз сөзінде Б. Сәрсенбаев Қазақстан бастамашы болған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезінің рөліне тоқталып, «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі – дінаралық диалогтың бірегей алаңы» тақырыбында баяндама жасады. Ол VIII Съездің басты ерекшеліктері мен қазіргі жаһандық сын-қатерлер аясындағы өзектілігін атап өтті.

Шараның соңында қатысушылар, халықаралық қатынастардағы тұрақсыздық жағдайында Орталық Азия елдері мен Ресей арасындағы ынтымақтастық, теңдік және тату көршілік қағидаттарының үстемдік етуін қамтамасыз етуге көмектесуі тиіс деген қорытындыға келді.