Жаңалықтар

Зайырлы мемлекеттегі діни құндылықтар

Бөлісу

Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастықта ең алдымен бітімгершілік бастамаларымен, конфессияаралық және ұлтаралық келісімнің өзіндік бірегей үлгісімен танымал. Еліміз әрқашан әлемдік өркениеттер мен мәдениеттер арасындағы байланыстырушы көпір қызметін атқарып келеді.

Ел басшылығының 2003 жылы ірі конфессиялар арасында үйлесімді диалог пен өзара түсіністікті қалыптастыру мәселелеріне күш-жігерді біріктіруге бағытталған дінаралық платформа – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін құру бастамасы қисынды шешім болды.

Зайырлы мемлекет пен рухани көшбасшылар арасындағы өзара іс-қимылдың осындай форматын таңдау адамзатты руханилықпен, этикамен және адамгершілік құндылықтармен байланыстыратын жоғары мәдениет, наным-сенімдер мен дүниетанымдар, мінез-құлық кодексі мен ішкі жан дүниенің тазалығы жүйелерінің жиынтығына негізделген әлемдік діндердің әлеуетін пайдалану мүмкіндігімен байланысты болды.

7 Съездердің жұмыстарына қатысқан діни иерархтар, мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдардың басшылары адамдар, ұлттар, мәдениеттер мен діндер арасында өзара түсіністік орнатудағы бірегей және баға жетпес тәжірибелерімен бөлісті.

Осылайша екі онжылдық ішінде Астаналық рухани (діни) саммит аясында әртүрлі конфессиялар өкілдері арасындағы байланыстар нығайып, тереңдей түсті, бұл өз кезегінде діни бірлестіктер мен мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты орнатуға ықпал етті, себебі олар әлемге жалпы бейбітшілік, қауіпсіздік және үйлесімділік үшін конфессияаралық диалог пен ынтымақтастықты орнатудың  қажеттілігін айқын жеткізді.

Қазақстанның жеке бастамалары, ең алдымен, халқымыздың мемлекеттілігінің терең тарихына, ұлттық-мәдени тамырына, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлеріне негізделген. Олардың қатарында бейбіт өмірге, еркіндікке, толеранттылыққа, яғни дініне, нәсіліне және ұлтына қарамастан адам құқықтарын құрметтеуге ұмтылу жатады.

Әрине, мемлекетіміздің конфессияаралық келісім саласындағы бүгінгі жетістіктері Қазақстан халқының даналығы мен елімізде 18 конфессия және 120-дан астам ұлт (этнос) өкілдерінің үйлесімді өмір сүруіне негізделген Қазақстанның зайырлы қағидаларының арқасында қол жеткізілді.

Жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде қалыптасқан мемлекеттің заманауи зайырлы құрылымы – Қазақстанда өз қызметтерін жүзеге асыратын барлық діндердің ұлы рухани мұраларына деген құрметке негізделген халқымыздың маңызды тарихи жетістігі.

Мемлекет, қоғам және діни бірлестіктер тарапынан жасалып жатқан шаралардың арқасында елімізде көп жылдардан бері бейбітшілік пен келісім қамтамасыз етіліп келеді. Сондықтан бүгінгі күні әрбір азаматтың алдында Қазақстан халқы бірлесіп қол жеткізген және қамтамасыз етіп отырған қазіргі замандағы нәзік тұрақтылықты сақтау міндеті тұр.

Бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда әлемде және қазақстандық қоғамда болып жатқан үдерістерге сыни тұрғыдан баға беріп, түрлі деструктивті көңіл-күйдің ықпалына түспей, адамдар арасындағы сындарлы қарым-қатынастың көптеген жылдар бойы қалыптасқан тәжірибесін сақтау қажет.

Қазақстан мемлекеттің зайырлы негіздерін ұстанатын әлемдегі жалғыз мемлекет емес. Дамыған елдердің басым көпшілігі іргелі зайырлы қағидаттарды басшылыққа алады, бірақ әлемде зайырлылықтың «әмбебап үлгісі» жасалмаған және бұл, ең алдымен, белгілі бір қоғамда орын алатын діни сенім бостандығы мәселелеріне, саяси, құқықтық, моральдық және мәдени үдерістерге байланысты. Бірақ олар азаматтардың заң алдындағы теңдігі, ар-ождан және діни сенім бостандығы, сондай-ақ дінді ұстану немесе ұстанбау құқығы сияқты құндылықтарға негізделген.

Мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың елеулі тәжірибесіне қарамастан, еліміздегі зайырлылық ұғымына нақты анықтама беру қазіргі таңда оның көпқырлылығы себепті оңай емес. Қазақстандық қоғамды діндерге қатысты әртүрлі көзқарастар мен түсініктегі азаматтар ұсынады. Дінге сенушілер де, сенбейтіндер де кейде өте қарама-қайшы пікірлерді ұстанатын адамдардың бірнеше санатына бөлінеді.

Оның үстіне, қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасу тарихы былайша өрбіді: әртүрлі діни сенімдерді ұстанатын көптеген этностар мен ұлттар бір жерден өз атамекендерін тауып, өмір сүре бастады.

Әрине, мұның бәрі – біздің ортақ мұрамыз, бірақ біз ішкі және сыртқы саясатты реттеу мәселелерінде қоғамдағы азаматтардың осы алуан түрлі палитрасын ескеруіміз керек, бір бағытта біржақтылыққа жол бермей, тепе-теңдікті сақтап, бір-біріне құрметпен қарауды қамтамасыз етуіміз керек.

Осы біршама күрделі жағдайда зайырлылық, мемлекеттің конституциялық-құқықтық сипаттамасы ретінде, бүкіл қоғам үшін мемлекетті басқарудың ең өзара тиімді және өзара қолайлы формасы болып табылады.

Діндар азаматтардың басым көпшілігі мемлекеттің зайырлылық қағидаларын түсінеді және құрметтейді, өйткені бұл көпконфессиялы қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың бірден-бір жолы.

Мысалы, мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан зерттеулер барысында түрлі діндер мен этностардың өкілдері қазақстандық қоғамда бейбітшілікті сақтаудың басты шарттарының бірі болып табылатын әртүрлі діндерді ұстануға мүмкіндік бар екенін айтады. Осыған кері мысал ретінде қарулы қақтығыстары бар елдерді келтіреді, оларда көптеген діни топтардың өкілдері бола тұра, діндердің бірінің пайдасына тепе-теңдік бұзылған. Қазақстанда бейбітшілік пен келісімді сақтау мүмкіндігі, оның ішінде зайырлы негіздер есебінен құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етіледі.  Зайырлылық мемлекеттің барлық діндерден тең қашықтықта болу бағыты бола отырып, көптеген топтарға өздерінің діни сенімдерін еркін ұстану құқығына кепілдік береді.

Сонымен қатар мемлекеттік құрылымның зайырлылығы мемлекеттің әкімшілік-аумақтық ұйымдастырылуының жеңілдетілген емес, керісінше, неғұрлым күрделі формасы болып табылады, өйткені елдегі тұрақтылықты ілгерілетіп дамыту және сақтау үшін тең құқықты қамтамасыз ету және барлық топтардың мүдделерін ескеру қажет.

Зайырлы қоғамда, әдетте, халықтың діндар емес бөлігінің мүддесін қорғауға бағытталған діни бірлестіктердің қызметі мен діндар азаматтар үшін белгілі бір шектеулер бар екенін жоққа шығармаймыз. Сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті, оның ішінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекет діни бірлестіктерге ұсыныстар беруге және заңда қарастырылған шектеулерді енгізуге құқылы. Алайда бұл шаралар ешқандай жағдайда діндарлардың құқықтары мен бостандықтарына қол сұқпайды және оған бағытталмаған. 

Мемлекет дініне қарамастан әрбір азаматтың қоғамның толыққанды мүшесі болуына кепілдік береді. Діни қызметті жүзеге асырған жағдайда ғана жеке немесе заңды тұлға дін саласындағы заңнаманы басшылыққа алуы тиіс.

Өз кезегінде, заңнамалық деңгейде діни бірлестіктерге әдетте қоғамның қалған бөлігіне қолданылмайтын белгілі бір жеңілдіктер (салықтық, Қарулы Күштердегі қызметтен босату) қарастырылған.

Сондай-ақ мемлекет діни бірлестіктерді тікелей қаржыландырмай, ғибадат үйлері мен құрылыс нысандарын, негізінен мәдени және тарихи құндылығы барларын қайта құру, жөндеу түрінде көмек көрсете алады. Дәл осындай себептермен еліміздегі кейбір ірі діни ғимараттар мемлекет балансында.

Бұл бүгінгі таңда діни бірлестіктердің мемлекеттің жақын серіктестері және көпұлтты халқымыздың руханияты мен мәдениетінің ең маңызды қайнар көзі екенін тағы бір көрсетеді. Дін саласындағы өзекті мәселелер қолайлы консенсус пен қоғамның барлық топтарының мүдделері негізінде бірлесе отырып шешіледі. Осы мақсаттар үшін елімізде көптеген диалог алаңдары жұмыс істейді, соның арқасында конструктивті диалог қамтамасыз етіледі.

Сондықтан бүкіл қоғам мен мемлекеттің мүддесі үшін дін саласындағы маңызды міндет конфессияаралық келісім мен ел дамуының зайырлы қағидаттарын қамтамасыз ету болды және болып қалады. Азаматтардың діни сенім бостандығының мызғымастығы, олардың дінді таңдау немесе одан бас тарту құқығын қамтамасыз ету өзгермейтін негіз болып қала береді.

Мемлекет дін саласындағы жүзеге асырылатын саясатта әртүрлі этностар мен діни топтардың тату-тәтті өмір сүруінің кепілі болуды, ұлттық мұраның бір бөлігі ретінде Қазақстан халқының мәдени және рухани дәстүрлерін сақтаудың қамын ойлауды жалғастырады.

 

Бауыржан БӘКІРОВ,

Конфессияаралық және дінаралық диалогты дамытудың халықаралық орталығы Басқарма басшысының орынбасары