Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен «Нұр-Мүбарак» университетінде 2025 жылғы Астана бейбітшілік декларациясын тәжірибеде жүзеге асыру мәселелері талқыланды
Алматы, 2026 жылғы 28 қазан. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде және «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының қатысуымен сараптамалық кездесулер өтті.
Талқылаудың басты тақырыбы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2025 жылғы Астана бейбітшілік декларациясын дамыту аясында әзірленген үш маңызды халықаралық құжатты іс жүзінде іске асыру болды: «Діндердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі», «Дін саласындағы жасанды интеллектті қолданудың этикалық кодексі», «Жазылмайтын дертке шалдыққан баланың құқықтары жөніндегі хартия».
Бұл құжаттар қоршаған ортаны қорғау, жасанды интеллектті пайдалану кезіндегі өнегелік жауапкершілік, адамның қадір-қасиетін қорғау және халықтың ең осал топтарына қолдау көрсету мәселелері бойынша халықаралық өзара әрекеттесудің жаңа бағыттарын айқындайды.
Іс-шараның шақырылған спикері ретінде Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының Әдістемелік жұмыс және жинақтау департаментінің директоры Дулат Жақиянов сөз сөйледі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да дәріс пен пікірталас Философия және саясаттану факультетінің «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасы тарапынан ұйымдастырылды.
Сарапшы мен академиялық қауымдастықтың басты назарында қазіргі заманғы діни дипломатияның тәжірибелік құралдары және оның жаһандық дағдарыстарды еңсерудегі рөлі болды. Спикер қатысушыларға Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінің халықаралық бастамаларына терең талдау жасап ұсынды.
Өткен іс-шаралар қазақстандық академиялық ортаның Қазақстанның халықаралық бітімгершілік және гуманитарлық бастамаларын әлемдік аренада ілгерілетуге жоғары деңгейде жұмылдырылғанын көрсетті.