Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының XXII отырысына орайластырылған «Бейбітшілік жолындағы діндер диалогі қазақстандық суретшілердің көзімен» атты көрме ашылды. Оны Конфессияаралық және өркениетаралық диалогті дамыту жөнінде Н.Назарбаев орталығы мен Көркемсурет академиясы бірлесіп ұйымдастырды.
Көрмеге Көркемсурет академиясы суретшілерінің 40-тан аса жұмысы қойылған. Картина, мүсін, гобелен, графика, кесте түріндегі қолөнер туындыларының барлығы еліміздің бай мәдени мұрасын, қоғамдағы дінаралық және ұлтаралық келісім мен достықты көрсетеді.
Іс-шараға Конфессияаралық және өркениетаралық диалогті дамыту Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасының міндетін атқарушы Диана Есенова, Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасы орынбасары Әнуар Хатиев, Көркем сурет академиясының вице-президенті Жүнісхан Ермахан, «FICAC» Дүниежүзілік құрметті консулдар федерациясының президенті Николаос Маргаропулос, діни бірлестіктер, халықаралық ұйымдардың, ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Ә.Хатиев бұл көрме түрлі мәдениеттер мен діндер арасында өнер өзара түсіністік пен серіктестіктің көпірі бола алатынының жарқын үлгісі екенін атап өтті.
«Біз өнердің діни дәстүрлердің тереңдігін айқындап, түрлі конфессиялар арасындағы түсіністікті нығайтып, қазіргі замандағы дінаралық диалогтің маңызын арттыратынын көріп отырмыз. Қазақстан секілді конконфессиялы әрі көпұлтты елде достық пен ынтымақты арттыруға бағытталған әрбір іс құнды», деді Ә.Хатиев.
«FICAC» Дүниежүзілік – құрметті консулдар федерациясының президенті Николаос Маргаропулостың айтуынша, бұл іс-шара Қазақ еліндегі өркениетаралық диалог пен бейбіт өмірдің нақты көрінісі.
«Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің XXII Хатшылығы отырысының қарсаңында кездесіп отырмыз. Бұл көрмеде көрініс тауып отырған тақырыптар да съезд миссиясымен үндесіп жатыр. Біздің сенімдеріміз бен салт-дәстүріміз әртүрлі болғанымен, өзара сыйластық пен ынтымақтастыққа бағытталған ниетіміз бір», деді ол.
«Өнер – адамның әртүрлі мекенде, әртүрлі жағдайда өз ойы мен әсерін бере алатын тұтас ғылым. Бұл көрмеде түрлі стильде, түрлі жанрда салынған, Қазақстанның бай табиғатын бейнелейтін көптеген еңбек қойылған. Біздің бүгінгі қонақтарымыз, оның ішінде құрметті консулдар картиналар арқылы Ұлы даланың әралуандығын көріп, өз мемлекеттерінде Қазақстан туралы баяндап береді деп сенеміз», деп пікірін білдірді Бельгия Корольдігінің Құрметті консулы, құрметті консулдар басқармасының басшысы Денис Ван ден Вейх. Көрменің ашылуында Италия консулдығының қызметкерлері Алматы облысының әсем таулары бейнеленген картинаны сатып алды. Іс-шара соңында қатысушылар әлем халықтарының діндері мен мәдениетіне деген құрметті қалыптастыру, конфессияаралық диалогті жалғастыру және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолында тізе қосып еңбек етудің маңызын атап өтті.