Жаңалықтар

Бас Мүфтидің сұхбаты: Ислам - толеранттылыққа мән береді!

Бөлісу

Елімізде дін тақырыбы өте нәзік тақырыптардың бірі саналады. Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бері зайырлылық моделін ұстана отырып дамуда.

Қазақстанда қазіргі таңда түрлі конфессиялардың мүддесін білдіретін 3,5 мыңнан астам діни субъектілер ресми түрде тіркелген. Осындай діни саналуандық дін саласындағы негізгі үдерістер мен үрдістерді елеп-екшейтін мемлекеттік саясатты жаңадан ой елегінен өткізуді күн тәртібіне қойып отыр.

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше мәрте айтқан. «Халықаралық терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизмі бүгінгі таңда жаһандық қауіпсіздік үшін аса күрделі сын-тегеуріндердің бірі болып қалып отыр», - деген еді Президент Тоқаев.

Дін тақырыбы Abai.kz ақпараттық порталында негізгі әрі жетекші тақырыптардың бірі болып келе жатыр. Портал ашылған күннен бері бұл мәселеге барынша көңіл бөліп, ел ішіне дендеп ене бастаған жат ағымдар мен экстермисттік пиғылдағы күштердің әрекетін жария түрде әшкерелей алды.

Бүгін портал оқырмандарының талқысына ҚМДБ Төрағасы, Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының эксклюзив сұхбатын ұсынып отырмыз...

Қазіргі тез өзгеретін әлемде конфессияаралық және мәдениетаралық диалогтың маңыздылығы неде?

Жауап: Қазір елімізде 18 түрлі конфессияның 3,5 мыңнан астам діни субъектісі тіркелген. Осындай әр алуандық аясында біз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен діни бостандықтарды қорғау арасындағы тепе-теңдікті таба алдық. Неге? Өйткені, біздің елдің басым көпшілігі Ислам дінін ұстанады. Ал Ислам сөзінің өзі бейбітшілік деген мағынаға саяды. Исламның тағы бір мақсаты: адамзатқа деген сүйіспеншілік, адам құқығына құрмет етуді жүрекке орнықтыру арқылы қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықты сақтау. Дініміз бұл мақсатта көптеген қағидалар бекіткен. Өзгені сыйлау, басқалардың құқығына құрмет көрсету нағыз мұсылман болудың шарты. Ислам – бүкіл адамзатқа Алла жіберген әрі қияметке дейін жалғасатын соңғы дін. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  Ислам дінін жер жүзіндегі барлық халыққа жеткізу мақсатымен сол кездегі елдердің билеушілеріне, басшыларына хат жолдай отырып, оларды Ислам дінін қабылдауға шақырған.

Біз Бүкіләлемдік діндер Съезін өткізе отырып, жаһандағы тыныштықты сақтауға, елдер арасындағы соғысты, түрлі ұлттар арасындағы қақтығыстардың алдын алуға шақырып келеміз. Себебі, барлық діннің мақсаты бір бірімен тату тұру. Соның жемісі болар біздің елімізде конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің ерекше үлгісі қалыптасты деуге болады. Қазақстанның іс жүзіндегі тәжірибесін Дүниежүзінің ауқымында да қолдануға болатынына сенімдімін. Осы орайда елімізде өтіп келе жатқан Съездің негізгі пайымы – әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністікке негізделген диалог осы саладағы халықаралық ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашу. Күш көрсету, экстремизм, терроризм сияқты келеңсіз құбылыстарды бірігіп  еңсеруге ықпал ету.

Сіздің ойыңызша, бүгінгі тұрақты әлемге жетудегі діни көшбасшылардың рөлі қандай?

Жауап: 20 жылға жуық өтіп келе жатқан жаһандық жиынға әлемнің мықты саяси тұлғалары, дін қайраткерлері қатысты. Съездің идеясын Әл-Азһар шейхы Мұхаммед Саид Тантауи, Жоғарғы имам Ахмет Тайып, Ватикан мен Католик шіркеуінің басшысы Рим папасы Франциск секілді әлемнің өзге де аса ықпалды дін лидерлерінің қолдағанын білеміз. Бұл жай ғана діни қайраткерлердің жиыны емес, әлемдік деңгейдегі проблемалар ортаға салынатын форум. Форум «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік», «Діни наным-сенім бостандығы және өзге дінді ұстанушыларды құрметтеу» және «Діни көшбасшылардың халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі» деген ауқымды тақырыптар аясында әңгіме өрбітті. Еліміздегі Съезге Батыс пен Шығыс, Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Американың өкілдері келіп қатысты. Малайзия, Сингапур, Қытай, Тибет, Корея елінің дін көшбасшылары да осы шарада бой көрсетті. Міне, бұл форумды өзінің орнын қалыптастырған әлемдік деңгейдегі ірі іс-шара деп атауға болады. Дін қайраткерлері жиын қорытындысы бойынша өз үндеуін жариялап, әлемді тұрақтандыру, тыныштыққа шақыру үшін бір төбенің басына жиналады. Елімізге көптеген дін басшыларының  келуі де Қазақстандағы дінаралық тұрақтылықты білдіреді. Асыл дініміз толеранттылыққа аса мән береді. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  заманында да өзге дін өкілдері бейбіт жағдайда ғұмыр кешті. Біз де өзге дін өкілдерімен жылы қарым-қатынас ұстанамыз. Үш жылда бір бас қосатын Астана Съезінде әлемдік түрлі дін қайраткерлері жер шарын тұтас тыныштыққа шақырып келеді. Біз бұл бастаманы қолдаймыз.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жаһандық деңгейде дінаралық және конфессияаралық диалогты ілгерілетудегі рөлі мен маңызы қандай?

Жауап: Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I Съезі 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада өтті. Оның жұмысына Ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысты.

Съездің қатысушылары құрамының көрнектілігі мен жоғары деңгейі конфессияаралық форум өткізу жөніндегі Қазақстан бастамасының жүзеге асуының даусыз табысына айналды. Діндер диалогы І Съездің тұжырымдамалық идеясы және дау-дамайды шешу тәсілі ретінде дінаралық және ұлтаралық қарым-қатынастардағы күш көрсету мен террор әдістеріне қарсы қойылды. Съезге қатысушылар арасында бүгінгі әлемдегі діннің рөлі және кез келген діннің негізгі моральдық құндылықтарының жалпыадамзаттық сипаты жөнінде ашық пікірлесу өтті.

Бірегей және есте қаларлық оқиғаға айналған форум бүкіл әлемдегі адамзат баласының бейбіт және лайықты өмірі үшін түрлі дін өкілдерінің ынтымақтастығы мен бірлігінің өзектілігін және аса қажеттігін көрсетіп берді. Форум қорытындысы бойынша рухани көшбасшылар болашақтағы үйлесімді әлемнің негіздері ретінде адамзат үшін бейбітшілік пен өрлеуді қамтамасыз ету және барлық қоғамда тұрақтылықты сақтау бағытындағы бірлескен іс-әрекеттері туралы мәлімдеген декларация қабылдады.  Ауқымды шараның табысы І Съездің дінаралық форумды әр үш жылда бір реттен кем емес тұрақты негізде өткізіп тұру туралы  шешім бекітілді. Қазақ елі тәуелсіздік алған тұстан бері әлем халқын тыныштыққа бастап, БҰҰ сынды үлкен мінберлерден бейбітшілік туын көтеріп келеді. Біздің бұл бастамамыз аяқсыз қалмай, өзге де әлем елдері қолдап кетті. Жаһанның дін қайраткерлері Астанада бас қосып, төрткүл дүниені соғыспауға, жер шарын жақсылыққа шақыру сынды үлкен бастамаларын жария етті. Қырғиқабақ идеологияяға жол бермеуге шақырып, этникалық топтар мен дін өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстырған алқалы жиынды ұйымдастырған Қазақ еліне ризашылығын білдіріп жатты. Біз де сол үлкен бастаманың бел ортасында отырдық. Адамзат үшін ең бастысы діни толеранттылықты ұстану болса, екінші жер жаһандағы тыныштыққа өз үлесін қосу. Қазақстанның бұл әлемдік бастамасы шынында конфессияаралық диалогты ілгерілетуге үлкен үлес қосуда деп сенемін.

Съезд хатшылығының отырысында қабылданған "Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің 2023-2033 жылдарға арналған даму Тұжырымдамасының" мазмұнында қандай маңызды сәттерді атап өтуге болады?

Жауап: Бұл әрине өте маңызды құжат. Даму Тұжырымдамасы аясында Съездің әлеуетін одан әрі арттырып, қатысушы елдердің көкжиегін кеңейте түседі. Бейбітшілік алаңы одан әрі өрісін жайып, тыныштық тірегі қанатын кеңге қаға бермек. Алдымызда қандай қиын мәселелер кездессе де оны бейбіт жолмен шешу керектігін осы Тұжырымдама ұқтырғандай. Қазіргі таңда орын алып жатқан түрлі геосаяси жағдайлардың алдын алуға бағытталған бұл ұсыныс көптеген дін қайраткерлері тарапынан қолдау тапты. Біз де өз ұстанымымызға сәйкес, әлем халқының бірлікте, жұдырықтай жұмылып, бірлесе әрекет етуін қалаймыз. 2023 жылғы 11 қазанда Астанада өткен Съездің XXI Хатшылығының қатысушылары қабылдаған Тұжырымдама Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің одан әрі дамуының 2033 жылға дейінгі жалпы пайымын, миссиясын, мақсаттары мен бағыттарын айқындай түспек. Алдағы онжылдықта Съездің миссиясы әлемдік және дәстүрлі діндер қауымдастықтары арасындағы өзара түсіністік пен құрметті одан әрі нығайту, сондай-ақ, бүкіл адамзатқа әділ, қауіпсіз және гүлденген болашақ құруға жәрдемдесу үшін рухани дипломатияның әлеуетін іске асыру боларына сенеміз. Қазақ елі бұл мақсатта өз алаңын ұсына отырып, жаһанды жақсылыққа бастай бермек.

https://abai.kz/post/187668