Жаңалықтар

Н.Назарбаев орталығы Батуми қаласында өткен халықаралық конференцияға қатысты

Бөлісу

Ағымдағы жылдың 9-10 шілдесінде конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқарма Төрағасының орынбасары Б. Бакиров «IRF» діни бостандық жөніндегі халықаралық дөңгелек үстел хатшылығы және «LYN Community» ұйымдастырған Батуми қаласында (Грузия) өткен «Қазіргі жаһандық сын-қатерлерді шешудегі діни сауаттылықтың рөлі» атты тақырыбындағы халықаралық конференцияға қатысты. Конференция АҚШ, Өзбекстан, Грузия, Армения, Әзірбайжан, Қазақстан діни бірлестіктері мен дінаралық келісім саласындағы халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өтті.

Аталған іс-шара мәдениетаралық діни сауаттылықты талқылау және ілгерілету үшін түрлі өңірлердің ғалымдары мен діни көшбасшыларын біріктіретін маңызды іс-шара болып табылады. Бұл конференция Қазақстанға діни толеранттылық пен түрлі діни қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетудегі өз көзқарастары мен жетістіктерімен бөлісу үшін бірегей платформа болып табылады.

Сонымен қатар, Б. Бакиров Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII Съезінің діни төзімділік пен өркениетаралық диалогты нығайтудағы маңызды рөліне тоқталды. Сондай-ақ, VII Съезд Декларациясының тарихи маңыздылығын айта отырып, Съезд - діндер, конфессиялар мен этникалық топтар арасындағы өзара құрметке қол жеткізу үшін әлемдік қауымдастықта бірегей диалог алаңы болып табылатынын, оның Декларациясын іргелі мәселелерді қамтитын нұсқаулық ретінде пайдалануға болатынын жеткізді.

Жалпы, конференция барысында қатысушылар діни сауаттылықты дамытудың өзекті мәселелерін, мәдени-гуманитарлық диалог бағытындағы көпжақты ынтымақтастықты, оның ішінде конференцияға қатысушы елдердің өңірішілік байланыстарын талқылады.