2024 жылдың 19 ақпанында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкіл, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев Каирге (Египет) жұмыс сапары аясында, Әл-Азһар университетінде ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген, «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің 2023-2033 жылдарға арналған даму Тұжырымдамасы» турасында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мақсаттары мен міндеттеріне арналған дәріс оқыды.
Дәріс барысында Б.Сәрсенбаев Әл-Азһар университетінің студенттерін, магистранттарын және профессорлық-оқытушылар құрамын «әртүрліліктегі бірлік», толерантты қоғамды құру және конфессияаралық диалогтың қазақстандық моделімен таныстырды. Сондай-ақ, халықаралық аренада бейбітшілік пен келісім идеяларын ілгерілетудегі Тұжырымдаманың ерекше рөлін айта отырып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII Съезінің қорытындылары туралы сөз етті: «Съездің даму тұжырымдамасы адамзат болмысының мызғымас қағидаттары ретінде өзара сыйластықты, бейбітшілік пен келісімді дамытуға, діндер, ұлттар мен ұлыстар арасындағы диалог пен өзара сыйластықты, келіспеушіліктер мен қақтығыстарды келісім мен ымыраға келу негізінде шешу мәдениетін ілгерілетуге ықпал етеді», - деп атап өтті Болат Сәрсенбаев.
Сондай-ақ, Басқарма Төрағасы өскелең ұрпақтың бойындағы толеранттылық қағидаты ғылым мен сапалы білім арқылы қалыптасатынына ерекше назар аударды.
Әл-Азһар студенттері мен оқытушылары дінаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілетуде діни көшбасшылар мен халықаралық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру қажеттігі, сондай-ақ бейбіт өмір сүрудің қазақстандық үлгісін сақтаудың және жас ұрпақты бейбітшілік пен төзімділікке тәрбиелеудің маңыздылығы туралы тезистерді оң қабылдады.
Жалпы, жоғарыда аталған іс-шара Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің әлемнің түрлі халықтарының діндері мен мәдениеттеріне құрметпен қарауды қалыптастыру идеяларын ілгерілету, конфессияаралық диалогты нығайтуға жәрдемдесуге бағытталған.