Ағымдағы жылдың 28 желтоқсанында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев «ВАН - армян этномәдени орталығы» ҚБ Төрағасы С.Салумянмен кездесті.
Кездесу барысында Б.Сәрсенбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі Уәкіл ретінде XXI Хатшылыққа қатысушылар қабылдаған «Съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асырудың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ Съезд миссиясын әлемдік деңгейде ілгерілету тетіктеріне тоқталды.
Өз кезегінде С.Салумян Қазақстан басшылығы ұсынған әлемдік және дәстүрлі діндер арасындағы диалогты ілгерілету жөніндегі бастама әлемнің түрлі елдерінің қоғам және дін қайраткерлері арасындағы ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашқанын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылап, мәдениетаралық және дінаралық диалог саласындағы одан әрі өзара іс-қимылдың басым бағыттарын белгіледі.