Жаңалықтар

Дініміз бен дәстүріміз дәріптелген жаһандық жиын

Бөлісу

Жуырда елордада «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі» тақырыбына арналған Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының кезекті VII съезіне қатысып, түйін түйдім. Тарқатып жазуға тырысайын. Шын мәнінде, адамзат әлемдік пандемиядан кейін өмірдің мәні мен денсаулықтың қадірін түсінді. Мына дүние бір түйір тарының қауызына сыйып кеткендей жағдайды бастан кештік. Адам баласы көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын болмашы вирустың алдында әлсіз, шарасыз екенін түсінді. Бұл жағдай Құдайдың құдіретін терең сезіндіре түсті. Менің ойымша, әр адам Алланың жер бетіне жіберген сынағынан сабақ алды. Түрлі ұлт пен дін өкілдері тілі мен дініне, түрі мен діліне қарамастан жұқпалы дертке ұшыраған жандарға тілекші болды, қолынан келгенше көмегін аямады. Бұл жағдай адамзат баласының рухани бірлігін арттыра түсті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы пандемия кезінде әлемнің дін көшбасшыларына «Біз – біргеміз, тілегіміз – ортақ» деген игі ниетпен Үндеу жолдап, бір мезетте дұға жасауға шақырған болатын. Үндеуге әлемнің бірқатар мұсылман елдері қолдау білдіріп, онлайн режимде дұға жасау рәсіміне қатысты. Бұл игі бастама мұсылман үмбетінің рухани тұтастығын арттырды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезінің Декларациясы қабылданды. Декларацияда ұйымдасқан қылмыс, терроризм және есірткі сияқты пандемиядан кейінгі әлемдегі жаһандық сын-қатерлерді шешудің маңыздылығы жазылды. Расында, Ислам діні барша халықты бірлік пен бейбітшілікке үндейді. Ислам деген сөздің өзі «бейбітшілік» деген ұғымды білдіреді. Мұсылмандар бір-бірімен аман-саулық сұрасқанда Алланың амандығы мен есендігін, берекесі мен жақсылығын тілеп, сәлемдеседі. Ислам адам баласына зәредей зиян тигізбеуге шақыратын дін екені осыған дейін үлкен мінберлерде талай айтылды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі асыл дініміздің баға жетпес құндылықтарын, оның ешқандай лаңкестікпен қатысы жоқ екенін жаһанға тағы да жария түрде айтуға үлкен мүмкіндік туғызды. Шынында, экстремизм, радикализм, терроризм және зорлық-зомбылық пен соғыстардың шынайы дінге ешқандай қатысы жоқ. Дін лидерлері оған түбегейлі қарсылығын білдірді. Дін көшбасшылары қабылдаған декларацияда қасиетті Тақ пен Әл-Азһар Әл-Шариф арасындағы (БҰҰ БА-ның 2020 жылғы 21 желтоқсандағы «Халықаралық адамзат бауырластығы күні» A/RES/75/200 қарарымен қабылданған) ортақ игілік үшін сенушілер арасында бейбітшілікке, диалогқа, өзара түсіністікке және өзара құрметке шақыратын «Бейбітшілік пен бейбіт қатар өмір сүрудің пайдасына адами бауырластық туралы» құжаттың және «Мекке декларациясының» (2019 жылы мамырда Меккеде қабылданған) маңыздылығы мен құндылығы мойындалды. Бұл тарихи жағдай мұсылман үмбетінің әлем алдындағы абыройы мен беделіне оң ықпал етті деп айтар едік. Сонымен қатар, съездің жабылу салтанаты қарсаңында қабылданған құжатта дін лидерлері саяси және қоғам қайраткерлерін, журналистер мен блогерлерді діни алауыздықтан сақ болуға және экстремизм мен терроризмді қандай да бір ұлтпен немесе дінмен теңестірмеуге, сондай-ақ дінді саяси мақсаттарда пайдаланбауға шақырды.

Бұл – өте маңызды мәселенің бірі. Өйткені, бүгінде әлемдік қоғамдастық экономикалық дағдарысты, саяси, ұлтаралық, дінаралық шиеленістерді бастан кешуде. Әсіресе, адамзат жаңа ғасырда бұрын-соңды болмаған діни алауыздықтар, дау-жанжалдар, ұлтаралық қақтығыстармен бетпе-бет келді. Өкінішке қарай, дінді саясиландыру арқылы жастар санасын теріс арнаға бұру үрдісінің куәгері болып отырмыз. Діни ұрандар мен қасиетті ұғымдарды өз саяси мақсаттары үшін қолданып келе жатқан түрлі топтар әлемнің әрбір жерінен көріне бастады. Радикалды топтар тек дәстүрлі діни түсініктерді жоққа шығарумен қатар, ашық түрде лаңкестік әрекеттер жасауда. Кейбір саяси лидерлер, блогерлер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де әлемдегі діни көзқарастар қайшылығын ушықтыра түсіп, діни алауыздыққа отқа май құйғандай кері әсер етуде. Сөз бостандығын желеу еткен олар біреу үшін қасиетті болған діни ұстанымдар мен құндылықтарды қорлауға күш салуда. Бұл адамгершілікке жат әрекет екені баршаға белгілі. Ислам діні ауыздан шыққан сөзге аса жауапкершілікпен қарауға шақырады. Алла Тағала Құранда былай әмір етеді: «Уа, иман еткендер! Егер сендерге әлдебір күнәһар адам қандай да бір хабар жеткізсе, оның анық-қанығын анықтап біліп алыңдар. Әйтпесе, білместікпен әлдебір қауымның обалына қалып, артынан істеген істеріңе өкініп жүрерсіңдер» («Хужурат» сүресі, 6-аят). Мұндайда ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жақсы сөйле немесе үндеме», – деген хадисі әр адамның өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Өйткені, бұл қағиданы ұстанған адамның өзгелермен қарым-қатынасы жақсарады. Жүсіп Баласағұн: «Қадірлісі – тіліне ұят сіңгендер, Жүрек сөзін жүрегімен білгендер. Тура сөзге келгенде тіл тартпағын, Қыңыр сөзді жасыр, текке лақпағын», – деген өлеңінде тілге тоқтамды меңзейді. Съезге қатысқан делегаттар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қоғам алдындағы сөз жауапкершілігін терең сезінді деп ойлаймын. Себебі, кез-келген адам басқа діндегілердің қасиетті сезімдерін қорлауды доғаруы керек. Біреудің дінін қорлау өз дініңді қорлаумен тең дәрежеде қабылданатынын ұғыну қажет. Өзгелерге қасиетті болған құндылықтар біреуге келемеж болмауы керек. Съезд декларациясында: «Біз отбасы институтын нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударамыз. Біз әйелдердің қадір-қасиеті мен құқықтарын қорғауға, олардың отбасы мен қоғамның тең құқылы мүшесі ретіндегі әлеуметтік мәртебесін арттыруға, сондай-ақ олардың мәдени және діни салалардағы бейбіт процестерге қатысуын көтермелеуге атсалысамыз» деп жазылған. Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің VII съезінің IV секция жұмысы «Әйелдің қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі және әйелдің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни ұйымдардың рөлі» тақырыбына арналды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы секция жұмысын жүргізіп, дініміз бен дәстүрімізде қалыптасқан әйел мәртебесіне айрықша тоқталды. Бас мүфти айтқандай, өкінішке қарай, бүгінде әлемде әйелді тауар ретінде көру, оларға тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау, үйдің қызметшісі ретінде күшпен ұстау, түсік тастауға мәжбүрлеу немесе бала табу бақытынан айыру сынды мәселелер белең алып жатыр. Наурызбай қажы Тағанұлы секция жұмысына қатысқан сарапшылар мен ғалымдардың назарын отбасы мәселесіне, оның ішінде әйел мәртебесіне аударып, өзекті статистикалық мәліметтерді келтірді. «Халықаралық «Отбасы денсаулығы» журналының мәліметінше, әлемде жыл сайын 75 миллионнан астам әйел өз еріктерінен тыс жүкті болып қалады немесе жүкті болған 175 миллион әйелдің 45 миллионы түсік тастайды. Жыл сайын әлем бойынша 585 мыңнан астам келіншек жүктілікке байланысты түйткілдер кесірінен жан тапсырады. 300 мыңнан астам әйел бала көтермейтін дәрілерді дұрыс қолданбаудың салдарынан ажал құшады. Ал білім алу құқығынан айырылып, сауатсыздық күй кешіп отырған қыздар саны 600 миллионнан асады. Мұндай жаншошырлық статистика бұл жағдайға халықаралық деңгейде назар аударуымызды талап етеді» деді Бас мүфти. Қазақта: «Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» дейді. Халқымыздың салт-дәстүрінде қыз-келіншекті құрметтеу ғұрпы ерекше мәнге ие. Осы тұрғыдан келгенде, съезд дініміз бен дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды, халқымыздың бай мұрасын әлемге паш етуге үлкен мүмкіндік туғызды деп айтар едім. Біздің бай мәдениетімізбен, қонақжай болмысымызбен танысқан шетелдік делегаттар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері ерекше әсер алды. Сайып келгенде, съезд діни достық пен өзара түсінікті дамытудың таптырмас алаңы болғаны анық. Мұндай халықаралық деңгейде өткен жиынның елімізде ұйымдастырылуының өзіндік мәні бар. Бұл туралы съездің ашылу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат. Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты. Бұған дейінгі форумдарда қабылданған декларацияларда қандай идеялардың атын жамылғанына қарамастан радикализм, зорлық-зомбылық пен қақтығыстар әрдайым сынға алынды. Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды» деп атап өтті. Қорыта айтқанда, жер бетіне бейбітшілік пен берекелі өмірді орнату – барша адамзаттың ортақ ниеті. Съезге келген барлық дін өкілдері осындай ортақ мақсаттар жолында күш біріктіруге, терроризм мен дінді теңестіруден бас тартуға, бейбітшіліктің құндылығын насихаттауға, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілер мен қоғамдық жиындарда өзара түсіністік пен сыйластықты дәріптеуге, сондай-ақ барлық діннің құлшылық жасау орындары мен киелі жерлерінде арандатушылық пен бүліктерді болдырмауға келісті. Осындай ортақ мәселелер барша дін өкілін рухани тұрғыдан біріктірді және елімізде әр үш жыл сайын өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрллі дін көшбасшыларының съезін ұйымдастырудың маңызын тағы да дәлелдеді.

Төлеби ОСПАН, Алматы қаласының бас имамы

https://kazislam.kz/dinimiz-ben-dasturimiz-dariptelgen-zhahandyq-zhiyn/