Жаңалықтар

Бейбітшілік пен келісім – тәуелсіздігіміздің негізі

Бөлісу

Былтыр Астана қаласында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезі өтті. Бұндай халықаралық деңгейдегі іс-шараны өткізу еліміз үшін мәртебе екенін атап өткім келеді. Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Біздің жерімізде небір алып көшпелі өркениеттер өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат.

Қазіргі уақытта 100-ден астам этнос Қазақстанда өзара түсіністік пен келісім жағдайында өмір сүреді. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін жұмыс істеп жатыр. Мұның барлығы еліміздегі бейбітшілік пен ұлттар достастығының нәтижесі деп білеміз.

Осындай ауқымды диалог тәжірибесі рухани көшбасшыларға түрлі бітімгерлік бастамаларды белсенді көтеруге құқық береді. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан әскери қимылдар мен соғыстарды тоқтату үшін аса маңызды.

Дін көшбасшылары – әлемдегі мейірімділік пен әділдіктің салтанат құруына себепкерлер. Олар адамзатты бейбітшілікке бастайды. Қазір әлем бұрын-соңды болмаған жасампаз іс-әрекетке мұқтаж. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру үшін бәрімізге бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық іс-әрекет керек. Бұл мәселеде рухани көшбасшылардың рөлі аса зор.

Цифрлық технологиялар дамыған заманда көзқарастар қайшылығы күшейіп, виртуалды әлем шынайы әлемнің орнын алмастыра бастады. Сондықтан рухани құндылықтар мен адамгершілік қасиеттер туралы мәселені қайта күн тәртібіне қою керек.

Дін барлық кезеңде негізгі тәрбие беру қызметін атқарып келеді. Қасиетті кітаптар гуманизм, жанашырлық және мейірімділік идеяларын насихаттайды. Олар толеранттылық пен ұстамдылыққа шақырады. Қазіргі заманда діндер көшбасшыларының жоғары миссиясы – адамдарды мейірімділікке, әділдікке шақыру.

 

Абай облысы Қоғамдық даму

басқармасының басшысы

А. Садырбаев