Биыл 27 сәуірде ҚР Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған баспасөз-туры аясында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығына жетекші халықаралық басылымдардың, ақпараттық агенттіктердің бас редакторлары, журналистері келді. Олардың арасында «1news.az» (Әзірбайжан), «Ammon News» (Иордания), «Rai News 24» (Италия), «Lithuanian Tribune» (Литва), «Зүүнэ мээдэ» (Моңғолия), «Pakistan in the world», «Daily Azkaar» (Пәкістан), «STV Info Media» (Сербия), «ASIA-Plus» (Тәжікістан), «Акшам», «Канала 24 ТV» (Түркия), «Uzbekistan 24» (Өзбекстан), Conflits (Франция) бар.
Шетелдік қонақтарды қарсы ала отырып, Н. Назарбаев Орталығы Басқарма Төрағасының орынбасары Д.Есенова журналистерді орталық қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырып, 2022 жылдың басты тарихи оқиғасы - Қазақстан астанасында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезі, сондай-ақ, Съездің қорытындысы бойынша қабылданған Декларацияның маңыздылығы туралы айтып берді.
Сонымен қатар, Орталық Басқарма Төрағасының орынбасары 2023 жылдың қазан айында өтетін Съездің XXI мерейтойлық Хатшылығына дайындық барысы туралы ақпаратпен бөлісті.
Өз кезегінде БАҚ өкілдері Қазақстанның бейбітшілік, бірлік және келісім идеологиясын ерекше атап өтіп, бұл бағыт елге конфессияаралық келісімнің өзіндік моделін құруға мүмкіндік бергенін жеткізді.
Кездесу соңында журналистерге Бейбітшілік және келісім мұражайына экскурсия ұйымдастырылды.