Биыл 28 наурызда Қарағандыға жұмыс сапары аясында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттеріне Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезінің қорытындысы мен оның Декларациясы туралы дәріс оқыды.
Дәріс Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің және VII Съездің қорытынды Декларациясын талқылауға, өткен халықаралық іс-шараның нәтижелерін ілгерілетуге бағытталған.
Дәріс аясында Б.Сәрсенбаев студенттерді, магистранттарды, профессорлық-оқытушылар құрамын бейбіт өмір сүрудің, толерантты қоғам құрудың және конфессияаралық диалогтың бірегей қазақстандық үлгісімен таныстырды.
Қазақстан посткеңестік елдерде бірінші болып өркениетаралық және конфессияаралық диалогтың жаһандық форматын таңдағанын алға тартып, «ХХІ ғасырдағы ірі көшбасшылардың ешқайсысы өркениетаралық, конфессияаралық диалогты нығайту бойынша жаһандық стратегияны құруға бастамашылық жасап, осы жолда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін ұйымдастыру мүмкіндігін қолданбағанын ерекше атап өткім келеді», - деді Б.Сәрсенбаев.
Сонымен қатар, сапар барысында Орталықтың Басқарма Төрағасы Қарағанды облысы әкімінің әлеуметтік сала, ішкі саясат және әлеуметтік даму жөніндегі орынбасары Е.Әліқұловпен, Қарағанды облысының Дін істері басқармасының басшысы Ж.Сектаймен екіжақты кездесулер өткізді.
Кездесуде Б.Сәрсенбаев Орталық қызметінің негізгі бағыттары, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің тұжырымдамалық идеяларын халықаралық деңгейде ілгерілету туралы атап өтті. Сондай-ақ, 2023 жылдың қазан айында өтетін XXI Хатшылыққа дайындық барысымен таныстырды.
Еске салайық, бұған дейін Съезд бойынша дәрістер Алматыда – «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Астанада – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Түркістанда – Х.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен болатын.