Жаңалықтар

Басқарма Төрағасы Б. Сәрсенбаевтың АҚШ-та сапары өтті

Бөлісу

Ағымдағы жылдың 31 қаңтарынан 3 ақпаны аралығында Орталық Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаевтың Америка Құрама Штаттарының Вашингтон қаласында іс - сапары өтті.

Сапар аясында Орталық Басқарма Төрағасы АҚШ президенті Джо Байденнің қатысуымен өтетін жыл сайынғы 71 ұлттық дұға таңғы асына қатысты.

Бұл іс-шара  жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде өткізіледі және   кездесулер легі мен түскі, кешкі асты  қамтиды. Алғашқы таңғы ас 1953 жылы АҚШ президенті Д. Эйзенхауердің қатысуымен өткен.

Биылғы жылы іс-шараға әлемнің түкпір-түкпірінен 1300-ден астам қонақ, оның ішінде АҚШ-тың жоғары лауазымды саясаткерлері, конгрессмендер, дипломаттар және іс-шараның құрметті қонағы Иордания Королі Абдалла II қатысты.

АҚШ-қа сапары барысында Орталықтың Басқарма Төрағасы АҚШ-тың діни ұйымдардың жетекшілерімен, соның ішінде "Діни және дәстүрлі бітімгерлер желісі" хатшылығының Директоры Мохамед Элсаноусимен, "Еуразия еврей қауымдастықтарын қолдау жөніндегі Ұлттық комиссия" ҮЕҰ атқарушы Вице-төрағасы, Бас атқарушы директоры Марк Левинмен, Иса Мәсіхтің Соңғы Әулиелер Шіркеуінің басшылығымен, USAID әкімшіліг көмекшісінің бұрынғы орынбасары Хавьер Пьедра және Этникалық өзара түсіністік қорының Президенті Марк Шнайермен бірқатар кездесулер өткізді.

Екіжақты кездесулер барысында Б. Сәрсенбаев Қазақстан үшін АҚШ азаматтық қоғамының үкіметтік емес ұйымдары секторымен ынтымақтастықтың басымдығын атап өтті.

Сонымен қатар, тараптар Съезд идеяларын және VII Съезд аясында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары, саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың басшылары қабылдаған қорытынды құжат Декларациясын одан әрі ілгерілету жөніндегі міндеттерді іске асыруды талқылады.

Сапар барысында Н. Назарбаевтың конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту Орталығы мен Этникалық өзара түсіністік Қоры арасындағы ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумға қол қойылды.

Меморандумға қол қоюдың мақсаты дінаралық және мәдениетаралық диалог саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру болып табылады. Меморандум ақпарат, тәжірибе алмасуды, бірлескен жобалар мен іс-шараларды іске асыруды, өзара қызығушылық тудыратын кездесулер, форумдар мен конференциялар ұйымдастыруды көздейді.