2022 жылғы 21 желтоқсанда Астанада I Орталық Азия медиа форумы аясында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев белгілі саясаттанушы, «Habertürk»газетінің шолушысы Куршад Зорлу мен Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) бұрынғы бас хатшысы Дүйсен Қасейіновпен кездесті.
Кездесу барысында Б.Сәрсенбаев қонақтарды Орталық қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырып, 2022 жылғы елдегі және әлемдегі басты тарихи оқиға – Қазақстан астанасында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезіне тоқталды. Атап айтқанда, ол Съезд қорытындысы бойынша қабылданған Декларацияның заманауи әлемдегі диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған негізгі қағидаттарымен бөлісті.
Шетелдік сарапшылар алғыс айта отырып, конфессияаралық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Анықтама:
Биыл 20-21 желтоқсанда Астанада Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен БАҚ саласының өзекті мәселелері, аймақтық бірегейлікті өлшеу, жаңа медианы дамыту, жасанды интеллект технологиялары, сондай-ақ олардың мүмкіндіктерін қарастыру мәселелері бойынша І Орталық Азия медиа форумы өтуде.
Шараға 100-ден астам әлемге әйгілі Пулитцер сыйлығының иегерлері, әлемдік саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың жетекшілері және беделді медиа сарапшылары қатысуда.