15 қыркүйекте Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі аясында «Қазіргі қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына әйелдердің қосқан үлесі және әйелдердің әлеуметтік жағдайын қолдаудағы діни бірлестіктердің қоғамдағы рөлі» тақырыбында пікірталас өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әлемдік және дәстүрлі діндер әйелдердің адамзаттың тұрақты дамуындағы зор еңбегін мойындайды. Бүгінде әйелдер діни ұйымдардың белсенді қатысушылары, экономикалық, білім беру, медициналық және саяси жобаларға қатысады. Әйелдердің әлеуметтік жағдайының өзгеруіне байланысты діни дәстүрлер де өзгеріс үстінде. Осы өзгерістер мен басқа да маңызды мәселелер съезд секциясында делегаттар тарапынан талқыланды.
Қатысушылар арасында көрнекті дін және қоғам қайраткерлері болды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен әйелдердің қазақстандық қоғамдағы елеулі рөліне тоқталды.
Бүгінде әйелдер тек дамудың бенефициарлары ғана емес, сонымен қатар рухани, әлеуметтік және экономикалық дамуға ықпал ететін және ынталандыратын өзгерістер агенттері. Қазақстандағы бұл қозғалыстың басында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, сондай-ақ өңірлердегі тиісті консультативтік-кеңесші органдар тұр. Елімізде әйелдер мәселесімен айналысатын азаматтық бірлестіктер өте ықпалды. Отбасы саясатын жүзеге асыру, ананы, әке мен баланы қорғау – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты. Қазақстан – БҰҰ-ның әйелдер құқығын қорғауға қатысты барлық құжаттарын ратификациялаған мемлекет. Бүгінде БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары мемлекеттік стратегиялық бағдарламаларға 79,9%-ға біріктірілген», - деді ол.
Сонымен бірге, спикер қазақ халқы тек соңғы онжылдықтарда ғана емес, бұрыннан теңдік құндылықтарын қолға алып келе жатқанын атап өтті. Бұл дәстүрлер ғасырлар бойы сақталған.
Біздің тарихымыз әйелдердің мемлекет пен халық тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, ең күрделі міндеттерді сәтті шешкен кезеңінің мысалдарына бай. Біз – кешегі көшпелілерміз, осы ұлы даланың мұрагеріміз, ал көшпелі өмір салты адамдарды әйел-еркек деп бөлмейді, оларға бірдей талап қояды, әр адамның өз рөлі, жауапкершілігі, құқығы бар. Бұл фактор бүкіл қоғамның өмір сүруінің кілті болды», - деді спикер.
Бүгінгі таңда әлемде байқалып отырған тенденциялардың бірі гендерлік рөлдер жүйесіндегі өзгерістер болып табылады. Секцияға қатысушылар да осы тақырыпқа ерекше назар аударды.
UniãoPlanetária президенті Исис Мария Борхес де Резенде өз сөзінің бір бөлігін осы мәселеге арнады. Спикер бұл тенденция барған сайын айқын бола түсуде, бірақ «оның ешбір қателігі жоқ» деген пікірімен келіскен.
Бұған дейін ер адамдарға бала күтіміне іс жүзінде тыйым салынған. Барлығын әйелдер жасады. Ер адамдар отбасын асырау үшін қаражат табу керек болды. Бірақ бәрі өзгереді, әлем дамиды. Әйелдер қоғам дамуына көбірек атсалысып, табыс тауып, отбасының көркеюіне үлес қосуда. Бұл еркектер әйелдерге ұқсайды дегенді білдіре ме, әлде керісінше ме? Ол үшін әйел мен еркектің қандай қасиеттерін анықтайтынын біліп алуымыз керек, - деді ол.
Исис Мария Борхес де Резенде дін мен қасиетті кітаптардың өзінде әйелге тән мейірімділік, нәзіктік, сүйіспеншілік сияқты қасиеттер ерлерге де тән екенін байқаған. Ал күш, батылдық және шешім қабылдау сияқты «таза еркектік» қасиеттер көптеген әйел кейіпкерлердің бойынан да табылады.
Әңгіменің тағы бір бағыты әртүрлі елдер мен мәдениеттердегі әйелдерді қолдау тақырыбы болды. БАӘ Толеранттылық және бірге өмір сүру министрлігі кеңсесінің бас директоры Афра Мохаммед Аль-Саабри өз еліндегі әйелдерді қолдау мүмкіндіктері туралы айтты.
Әмірліктердегі жағдайды көріп отырғандар әйелдердің мемлекеттік секторда ерлермен бірге қандай маңызды рөл атқаратынын, оның дамуы мен барлық азаматтардың әл-ауқатына қол жеткізу үдерісіндегі тұрақтылығын оңай көре алатыны сөзсіз. Әйелдер өз құқықтарын, мақсаттарын жүзеге асыруға және барлық армандарына жетуге мүмкіндік алды. Әмірліктердегі әйелдер ешқашан діни шектеулер мен дәстүрлерге байланысты әлеуметтік деңгейде қысым көрмейді, - деді ол.
Спикердің айтуынша, БАӘ-дегі діни және конфессиялық әртүрлілік бұл елді ерекшелендіретін байлықтың көзіне айналды.
Сондай-ақ баяндамашылар әйелдердің саясаттағы, қоғамдық өмірдегі, экономиканың түрлі салаларындағы және бөлек діни саладағы табыстары мен жетістіктерін талқылады. Кейбір конфессияларда басқармалар мен діни мекемелердің басшылығында әйелдердің көбейіп кеткені айтылды.
Айта кетейік, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі барысында әйелдерді қолдау тақырыбы басты мәселелердің біріне айналды.
Жиынның негізгі құжатында – Қорытынды Декларацияда дүние жүзіндегі әйелдердің мүдделерін қорғауға жеке тармақ бөлінген.
Біз азаматтарымыздың қадір-қасиеті мен құқықтарын қорғаймыз, олардың отбасы мен қоғамның тең құқылы мүшесі ретіндегі әлеуметтік мәртебесін көтереміз, сондай-ақ олардың мәдени және діни саладағы бейбітшілік үдерістеріне қатысуын ынталандырамыз, - делінген құжат мәтінінде.
Еске сала кетейік, 14-15 қыркүйекте Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі өткен болатын. Шараға қатысу үшін Қазақстанның астанасына әлемнің 50-ге жуық елінен 100-ден астам делегация келді.
https://baq.kz/sezdin-20-zhyldyq-tarihynda-algash-ret-ayelderge-zheke-sektsiya-arnaldy-287383/