Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Бас ашкенази раввині Давид Лау мен Бас сефард раввині Ицхак Иосифті қабылдады

Бөлісу

Президент Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысқаны, сондай-ақ Қазақстанның бұл бастамасын белсенді қолдағаны үшін ашкенази және сефард раввинаттарының беделді басшыларына алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев біздің елімізді ұзақ тарихи кезеңде қалыптасқан діни және мәдени әралуандылық ерекшелендіргенін атап өтті.

Қазақстан аумағында ірі әлемдік және дәстүрлі діндердің, соның ішінде иудаизмнің рухани дәстүрлері тоғысқан. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайту бағытында дәйекті саясат жүргізіп келеді.

Мемлекет басшысы Израиль Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі екенін атап өтті, сондай-ақ сауда-экономикалық іс-әрекеттер жанданып, мәдени-рухани байланыстар дәйекті түрде нығайып келе жатқанын айтты.

Давид Лау мен Ицхак Иосиф Қазақстанның конфессияаралық диалогты нығайтуға бейілді екеніне, әрдайым діни сенім бостандығын қолдайтынына назар аударып, бұл салада өзге мемлекеттерге үлгі болатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы Бас ашкенази раввині Давид Лау мен Бас сефард раввині Ицхак Иосифті қабылдады — Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты (akorda.kz)