2022 жылғы 12 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі Уәкіл, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаевтың төрағалығымен Съезд Хатшылығының Жұмыс тобының отырысы өтті.
Отырысқа Съезд Хатшылығы Басшысының Орынбасары – ҚР-ның Сыртқы істер министрінің Бірінші Орынбасары А.Рахметуллин, Съезд Хатшылығы Басшысының Орынбасары – ҚР-ның Ақпарат және қоғамдық даму Вице-министрі С.Егізбаев, сондай-ақ беделді халықаралық ұйымдардың, Қазақстан, Пәкістан, Египет, Иран, Ресей Федерациясы, Ватикан, Ұлыбритания, Корея, Үндістан діни бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
Съездің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі Уәкіл Б.Сәрсенбаев Жұмыс тобының отырысын аша отырып, Қазақстанда Съезд институттарының жұмысы шеңберіндегі жыл сайынғы кездесулер – өркениеттердің неғұрлым өзекті мәселелері мен Съездің постулаттары бойынша пікір алмасуға, егжей-тегжейлі және уақтылы талқылаулар өткізудің бірегей мүмкіндігі екенін атап өтті.
«Съездің табысты қызметі – бұл біздің жаһандық өркениетаралық және дінаралық диалогқа қосқан бірлескен үлесіміз. Әлемдегі заманауи сын-тегеуріндер тұрғысынан бізге Съездің сапалы эволюциясы қажет. Мен осы бағытта бірлесе алға жылжуға шақырамын», - деді Б.Сәрсенбаев.
Жұмыс тобының отырысы барысында қатысушылар арасында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасылып, VII Съездің тақырыбы мен оны өткізу форматы талқыланды.
Сонымен қатар, Съезд аясында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы мен «Сомайя Видьявихар» индология және дінаралық диалогты зерттеу институты (Мумбай, Үндістан) арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Жұмыс тобының қатысушылары Қазақстанның бастамаларын, Съездің тұжырымдамалық идеялары мен міндеттерін қолдай отырып, кезекті рет, бейбітшілік пен толеранттылық қағидаттарына бейілділігін, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері арасындағы диалогты қамтамасыз етуде, атап айтқанда, Съезд Хатшылығының алдағы XX отырысының бекітілетін бағдарламалық құжаттары бойынша ортақ ұстанымдарды әзірлеу мен қалыптастыруда жолдар мен шешімдерді бірлесіп іздестіруге одан әрі дайындығын растады.