Биылғы жылдың 3 қыргүйегінде «Бәйтерек» монументінің жанында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы ұйымдастырған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне арналған фотокөрме ашылды.
Көрме 3-20 қыргүйек аралығында өтеді. Онда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съездер тарихына арналған фотосуреттер, діни ұйым басшыларының, халықаралық ұйым мүшелерінің дәйексөздері, сондай-ақ Съездердің қорытынды құжаттары - декларациялардың мәтіндері ұсынылады.
Фотокөрменің мақсаты - Қазақстан халқы мен елорда қонақтарын Съездің тақырыбымен таныстыру, рухани бірлік, халықтар достығы мен этносаралық келісім идеяларын қалыптастыру және ілгерілету. Фотокөрме конфессияаралық және этносаралық келісімнің Қазақстандық бірегей моделін көрсетеді.
Сонымен қатар, «Қазмедиа орталығы» ғимаратында 25 тамыздан бастап, әлемдік діндерге арналған фотокөрме өткізіліп жатыр. Ал, 12 қыргүйектен бастап, Нұр-сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық Музейінің ғимаратында «Қазақстан аумағындағы діндердің тарихы» халықаралық көрмесі ашылады.
Естеріңізге сала кетейік, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі 14-15 қыргүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. VII Съездің басты тақырыбы: «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі». Съезге әлемнің 50-ден астам елінен 100-ден астам делегация, оның ішінде діни, саяси және қоғам қайраткерлері қатысады.
Съезд туралы барлық қажетті ақпарат Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы (religions-congress.org) сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда орналастырылған.