Жаңалықтар

Стамбұлда Н. Назарбаев орталығы мен IRCICA арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды

Бөлісу

2022 жылғы 14 шілдеде Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаевтың Түркия Республикасына (Стамбул қ.) сапары аясында IRCICA Ислам тарихы, өнері және мәдениеті зерттеу орталығы бас директорының орынбасары Абубакар Абдулла Сенгормен кездесуі өтті.

Кездесу барысында Б.Сәрсенбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкіл ретінде биылғы жылғы 14-15 қыркүйекте Нұр-сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін ұйымдастыру және оған дайындық жөніндегі орталықтың жұмысы туралы баяндады. 

Сонымен қатар, Орталықтың Басқарма Төрағасы IRCICA басшылығына қазақстандық өркениетаралық және мәдениетаралық диалогты ілгерілету бастамасына қолдау білдіргені үшін алғысын білдірді.

Кездесу барысында Н.Назарбаев орталығы мен ислам тарихы, өнер және мәдениет зерттеу орталығы — IRCICA арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Меморандумның мақсаты - мәдениет, өнер саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу және ақпараттық қызметті, сондай-ақ өркениетаралық және мәдениетаралық диалогты дамытудағы өзара ынтымақтастықты жүзеге асыру.

Құжат тараптардың дін саласындағы ақпаратпен, тәжірибемен және жинақталған ғылыми-зерттеу материалдарымен алмасуын, дінтану білімінің сапасын арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүзеге асыруды, имидждік жобаларды іске асыруды, кездесулер, форумдар мен конференцияларды ұйымдастыруды көздейді.

Тараптар осы Меморандумның жасалуы мәдениет, дін мен өркениеттердің халықаралық деңгейде ынтымақтастығын бірлесіп іске асыруға серпін беретінін атап өтті.

Сондай – ақ, Стамбұл қаласына сапары аясында Болат Сәрсенбаев «CNN» телеарнасы Стамбул бюросының Халықаралық корреспонденті Джоман Карадшеге Съезд Хатшылығының Басшысы-ҚР Праламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атынан VII Съезге қатысуға шақыру табыс етті.