Жаңалықтар

Болат Сәрсенбаев конфессияаралық диалог бойынша XIV Доха конференциясына қатысты

Бөлісу

Ү.ж 24-25 мамыр аралығында Н.Назарбаев конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев 70 елден 300-ден астам адам қатысқан конфессияаралық диалог бойынша  XIV Доха конференциясына қатысты.

Конференция барысында Басқарма Төрағасы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкіл ретінде Катар мемлекетінің Білім Министрінің орынбасары - Доха дінаралық диалог жөніндегі халықаралық орталығының Төрағасы Ибрагим Салех Әл-Наимимен кездесіп, оны VII Съезді ұйымдастыру және оған дайындық жөніндегі Орталықтың жұмысы туралы хабардар етіп, елдер арасындағы конфессияаралық ынтымақтастықтың қажеттілігін атап өтті.  

Сондай-ақ, тараптар дінаралық диалогты дамыту саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективаларын талқылап, Доха халықаралық дінаралық диалог орталығымен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Өз кезегінде әл-Наими мырза әңгіме барысында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне қатысу ниетін растап, бірлескен жобаларды одан әрі іске асыруға жан-жақты дайындығын білдірді.

Съезді конференция аясында халықаралық аренада ілгерілету мақсатында Б.Сәрсенбаев Катардың жетекші БАҚ-тарына (The Peninsula газеті, Al Sharq және Al Raya) арналған баспасөз брифингіне қатысып, Н.Назарбаев Орталығының қызметі және Съездің жаһандық деңгейдегі маңыздылығы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Съез Қазақстанның дінаралық және конфессияаралық диалогтың жаһандық процесіне қосқан елеулі үлеске айналды және әлемдік қоғамдастықтың ел ішінде де, халықаралық аренада да келісім мен толеранттылық, өзара түсіністік пен ынтымақтастық қағидаттарын нығайту жөніндегі күш-жігерінде ерекше орын алды» - деп атап өтті Б.Сәрсенбаев брифинг барысында.

Сонымен қатар, осы сапардың мүмкіндігін пайдалана отырып, Басқарма Төрағасы Съезге ҚР Парламенті Сенатының төрағасы М.Әшімбаевтан белгілі палестиналық Al Jazeera телекомпаниясының журналисті Лина Кишавиге шақыруды тапсырды, ол іс-шараға қатысуға келісті.

Сондай-ақ, Б.Сәрсенбаев Al Jazeera телекомпаниясының басшылығымен, жаңалықтар жөніндегі директоры Ассеф Хамидимен және Директордың редакция жөніндегі орынбасары Мутас Абу Даримен кездесу өткізіп, халықаралық ақпараттық ынтымақтастық саласындағы өзара іс-қимыл мүмкіндігін қарастырды.

Жалпы алғанда, шетелдік әріптестер діндер, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалогты ілгерілету үшін алдағы VII Съездің тұрақты жұмыс істейтін халықаралық конфессияаралық институт ретіндегі маңыздылығын атап өтті.