5 сәуірде Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Италия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Марко Альбертимен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Б.Сәрсенбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкіл ретінде Орталықтың Съезд Хатшылығының XX отырысы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін ұйымдастыру және оған дайындық жөніндегі жұмысы туралы хабардар етіп, Италия тарапының алдағы іс-шараларға қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде, Елші М.Альберти Б. Сәрсенбаевқа қабылдауы мен ілтипаты үшін алғыс білдіріп, биыл Қазақстан мен Италия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай Елшілік тарапынан отыз іс-шара өткізу жоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ, итальяндық дипломат Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығымен бірлесіп, Бейбітшілік және келісім сарайында ортақ іс-шара өткізу туралы ұсынысын жеткізді.
Болат Сәрсенбаев әңгімелесу барысында италиялық тарапқа Орталықтың жаһандық деңгейдегі дінаралық диалогты дамыту жөніндегі бастамаларына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, Қазақстан басшылығының осы бағыттағы жұмыстарға ерекше назар аударатынана тоқталып өтті.
Кездесу соңында Марко Альберти Италия Елшілігі өз тарапынан екі ел арасындағы мәдениетаралық диалогты ілгерілету және екіжақты ынтымақтастықты нығайту жөніндегі қажетті шараларды іске асыруға дайын екенін айтты.