Бүгін, 9 наурыз күні Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Сторимен кездесті
Кездесу барысында тараптар конфессияаралық және дінаралық диалог саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесу мүмкіндігіне шынайы ризашылығын білдіре отырып, Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Біріккен Ұлттар Ұйымының 2003 жылдан бастап Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жұмысына белсенді қатысуын және тұрақты қолдауын атап өтті.
Сонымен қатар, Болат Сәрсенбаев Съездің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкіл ретінде БҰҰ-ның ҚР-дағы тұрақты үйлестірушісін 2022 жылдың 14-15 қыркүйек күндері Нұр-сұлтан қаласында өтетін «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі конфессия көшбасшыларының рөлі» тақырыбындағы Съездің алдағы VII отырысына белсенді дайындық жұмысы туралы хабардар етті.
Өз кезегінде, БҰҰ-ның ҚР-дағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори рухани форум идеясына терең қызығушылық танытып, орталықтың конфессияаралық келісімді қамтамасыз ететін бастамаларын халықаралық деңгейде ілгерілетудегі рөлін атап өтті. Сондай-ақ жан-жақты қолдау мен әріптестікке, атап айтқанда, БҰҰ платформаларында аккредиттеу жөніндегі орталықтың өтінімін қарау мәселесі бойынша дайындығын растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеяларын жаһандық бірегей дінаралық диалог алаңы насихаттау туралы, сондай-ақ Съездің VII отырысы мен XX Хатшылығына бірлескен дайындық туралы уағдаласты.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың атынан VII Съезге қатысуға ресми шақырулар әлем елдерінің саяси және діни көшбасшыларына, соның ішінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке және БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиносқа жіберілді.