Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты.
Министр «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атақтары, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медальдары, «Халық алғысы» медальдары, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілерімен марапаттады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталары мен ҚР Премьер-Министрінің Құрмет грамоталарын табыстады. Марапатталғандардың арасында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев, Қазақстан азаматтық қоғамының көрнекті қайраткерлері Бану Нұрғазиева, Айгүл Соловьева, Марат Башимов, БАҚ-тың ардагерлері мен қызметкерлері - Сауық Жақан, Мақпал Жұмабай, Сергей Нестеренко, Марина Сахарова және басқалар бар.
А.Балаева құттықтау сөзінде: «Биылғы тәуелсіздіктің 30 жылдығы – ел дамуының жаңа кезеңі. Тәуелсіздіктің бізге қалай келгенін, осы жолда халқымыз қандай қиындықтарды көргенін Елбасымыз кешегі «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында тамаша жеткізді. Расында, Тұңғыш Президентіміздің де, Мемлекет басшысының да айтқанындай, осы 30 жылдық мерейлі белесті еліміз абыроймен бағындырып отыр».
Министр осы жылдар ішінде мемлекеттік саясаттың басты идеологиялық бағыттарына - ақпарат, азаматтық қоғамды дамыту, қоғамдық келісімге ведомство жетекшілік ететінін атап өтті. «Мен сіздердің әрқайсыңызға кәсіби жұмысыңыз үшін алғысымды білдіргім келеді! Әрқайсыңыз ортақ іске баға жетпес үлес қостыңыздар», - деді А.Балаева.
Салтанатты іс-шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Министрлік Тәуелсіздіктің 30 жылдығы жылында атқарған жұмысы туралы бейнеролик көрсетілді.