2021 жылдың 7 желтоқсанында Нұр-Сұлтанда еліміздің басты мерекесі – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының алаңында «Конфессияаралық келісім-Қазақстан тәуелсіздігінің негізі» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму Вице-министрі С.Егізбаев, белгілі қазақстандық саяси қайраткер Қ. Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы А. Құспан, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Өтпенов Наурызбай Тағанұлы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директор орынбасары Т. Шаймергенов, қоғам қайраткері, "Егемен Қазақстан "республикалық газеті" АҚ Басқарма төрағасы Д. Қыдырәлі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Мәдениет арқылы әлем" Халықаралық қауымдастығының президенті Т. Мұхамеджанов, "Kazakh TV" халықаралық спутниктік телеарнасының бас директоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары М. Бекбаева, Қаскелең епископы, Астана епархиясының викары Геннадий, Нұрсұлтан қаласындағы әулие Марияның Рим-Католик Архиепархиясының архиепископы Т. Пэт, Нұрсұлтан қаласындағы Бас Раввин Ш. Карнаух, Қазақстан Республикасындағы Испания Корольдігі миссиясы басшысының орынбасары М. Фран Руис, Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі М. Фриберг-Стори, Қазақстан Республикасындағы Германия Федеративтік Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсен, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Б. Сәрсенбаев, сондай-ақ ғылыми-сарапшылық қоғамдастық, шетелдік дипломатиялық өкілдіктер, Қазақстандағы халықаралық ұйымдар өкілдері қатысты.
Конференция барысында қатысушылар Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы конфессияаралық келісім, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту, әлемдегі дінаралық диалогты ілгерілету саласындағы жетістіктерін талқылады.
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму Вице-министрі С.Егізбаев өзінің құттықтау сөзінде қазақстандық қоғамның басты құндылығы - бірлікті, толеранттылықты және конфессияаралық келісімді сақтау екенін атап өтті.
Діндер мен мәдениеттер арасындағы диалогты дамытудың маңыздылығын айта отырып п.ғ.д., профессор, Қазақстан Республикасы саяси ғылымдар Академиясының академигі Қ. Сұлтанов «Дінаралық диалог-бұл әлеуметтік үйлесімділіктің ең ірі және тиімді арнасы. Елдегі өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған кез-келген реформаларды, қиындықтар мен қайшылықтарды тек елдің бірлігі мен ынтымақтастығы арқылы жеңуге болады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қызметі елдің бірлігіне, тұрақтылық пен қоғамдық келісімге негізделген. Біздің парызымыз-өз күшімізді өркениет арқылы жас ұрпағымыздың өсуіне бағыттау»- деді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан өз сөзінде Қазақстан Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекеттің басты басымдықтарының бірі ретінде жаһандық конфессияаралық диалогты дамытуға күш салғанын атап өтті.
«Еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев бүкіл әлемге «Қазақстан жолы» ретінде танымал дінаралық келісімнің бірегей үлгісін жасады. Бұл тұрғыда Қазақстанда барлық этникалық топтардың дәстүрлері мен діни сенімдері ұқыпты сақталып отыр», - деді А.Құспан.
Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы «Тәуелсіздік-Құдайдың сыйы. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің уағыздау қызметінде әрдайым адамдарды ел игілігі үшін жұмыс істеуге және Тәуелсіздігімізді құрметтеуге шақырады. Әрбір ата-ана өз балаларына тәуелсіздікке деген құрметті түсіндіру керек деп ойлаймын. Мектеп мұғалімдері сонымен қатар оқушыларды патриотизмге шақырып, болашақ мамандарды мейірімділік пен адамгершілік негізінде тәрбиелеуі керек» - деді.
Сонымен қатар, Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б. Сәрсенбаев «Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының және Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың сындарлы стратегиялық бағытының арқасында біз түрлі конфессиялар мен дін өкілдері сыйластықта өмір сүретін бірегей мемлекетке айналдық. Біздің осы саладағы жетістіктеріміз айқын. Жиырма жыл бойы өңірлік және жаһандық тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізуде Қазақстанның тәжірибесі көрнекі мысал бола алады. Съезге қатысушылардың бастамасы бойынша құрылған біздің орталық Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың еңбегін насихаттау үшін және Съездің негізгі бағытын ілгерілетуде басты жолсерік әрі өзек болады», - деді.
Жалпы, іс-шараға қатысушылар тарихи қысқа мерзім ішінде Қазақстан барлық салаларда дерлік зор табысқа қол жеткізгенін атап өтті. Уақыттың сан алуан сын-тегеуріндеріне қарамастан, Қазақстан аумағында келісімде өмір сүріп жатқан этностардың, түрлі конфессиялар мен дін өкілдерінің бірлігі арқасында еліміз егеменді, еркін және қуатты мемлекет құра алды. Бүгінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәйекті саясатының арқасында Қазақстан мәдениеттер, діндер, өркениеттер диалогына бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастыруда.
Халықаралық сарапшылар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына, түрлі конфессиялар арасында бейбітшілік пен келісімнің тиімді моделін құруға, бірегей диалог алаңы - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін құрудағы айрықша рөлі мен үлес қосуына ерекше назар аударды.
Іс-шара соңында конференцияға қатысушылар бірауыздан қазақстандықтарды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, одан әрі өркендеу, Қазақстан халқына бейбітшілік пен келісім тіледі.