Ағымдағы жылдың 29 қарашасында Амман қаласында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев пен Корольдік дінаралық зерттеулер институтының директоры Рине Хаттар ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Меморандумның мақсаты – мәдениетаралық және дінаралық диалогты ілгерілету, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің идеяларын халықаралық деңгейде насихаттау саналады.
Тараптар өзара қызығушылық тудыратын бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, екі ұйымның зерттеушілері, ғалымдары мен қызметкерлерінің академиялық ұтқырлығын кеңейту, талдамалық материалдармен және жарияланымдармен алмасу, сондай-ақ тақырыптық семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер және басқа да іс-шараларды өткізуге ниетті.
Кездесу барысында, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкіл, Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев Корольдік дінаралық зерттеулер институтының директоры Рине Хаттарға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Съезд Хатшылығының Басшысы М. Әшімбаев атынан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің жұмысына ресми шақыру тапсырды.
Сонымен қатар, Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев дінаралық диалогты ілгерілетуге арналған дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шараға Католиктік зерттеулер мен БАҚ орталығының директоры Рифаат Бадер, Мелькиттік грек-католик патриархатының викарийі Бассам Шахатит, Римдік Православиелік Патриархаттың өкілі Романос Самави, Мута университеті Шариғат факультетінің деканы Махмуд Маайта, Корольдік дінаралық зерттеулер институты Қамқоршылық кеңесінің мүшесі шейх Әл-Гул, ислам уағызшысы шейх Мұстафа Әбу Румман, исламтанушы Раби әл-Айди және Иорданияның өзге де ғалымдары мен сарапшылары қатысып баяндама жасады.
Дөңгелек үстелге қатысушылар конфессияаралық және өркениетаралық диалогты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанда өтіп жатқан дінаралық диалог алаңы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінің бірегейлігін атап өтті. Сонымен қатар, иорданиялық тараптың өкілдері Н.Назарбаев орталығының қызметіне қызығушылық танытып, дінаралық диалогты одан әрі дамыту бойынша ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.
Анықтама үшін: Корольдік конфессияаралық зерттеулер институты (RIIFS) 1994 жылы Амманда, Иорданияда, мәртебелі ханзада Эль Хасан бин Талалдың қамқорлығымен құрылған. Бұл шиеленістерге қарсы тұру және аймақтық және жаһандық деңгейде бейбітшілікті ілгерілету мақсатында мәдениетаралық және дінаралық мәселелер бойынша пәнаралық зерттеулер үшін платформа ұсынатын коммерциялық емес, үкіметтік емес ұйым.