Биылғы жылдың 26 қарашасында Амман қаласында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаевтың Иордан Хашимит Корольдігінің саяси және парламенттік істер министрі Мұса Хабес Әл-Маайтамен екіжақты кездесуі өтті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Иордания арасындағы дінаралық және мәдениетаралық диалог саласындағы одан әрі ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективалары талқыланды.4
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкіл, Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев саяси және парламенттік істер министрі Мұса Хабес Әл-Маайтаны Орталық қызметінің басым бағыттарымен, мақсаттары мен міндеттерімен таныстырды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған халықаралық іс-шараларды өткізу жоспарларымен, 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Нұр-сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне дайындығы туралы әңгімеледі.
Сонымен қатар, Болат Сәрсенбаев VII Съезді ақпараттық жариялау аясында Қазақстанның шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктерінің базасында Елбасының идеясымен құрылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін жаһандық деңгейде дәріптеуге бағытталған бірқатар дөңгелек үстелдер өткізіліп жатқанын атап өтті.
Иордан Хашимит Корольдігінің саяси және парламенттік істер министрі Мұса Хабес Әл-Маайта шынайы ризашылық пен құрмет білдіре отырып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеяларын насихаттау бойынша ынтымақтастыққа әзірлігі туралы, сондай-ақ Орталықтың халықаралық іс-шараларына қатысуға қызығушылық танытты.
Сонымен қатар, Иорданияға жұмыс сапары аясында Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Иорданиядағы ҚР елшілігі ұйымдастырған фотокөрменің ашылуына қатысты.