Жаңалықтар

Қырғызстанда конфессияаралық келісімнің қазақстандық тәжірибесіне арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті

Бөлісу

Биылғы жылдың 23 қарашасында Бішкекте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған "Бейбітшілік пен келісім жолындағы конфессияаралық және өркениетаралық диалог" тақырыбында онлайн форматта халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшілігі, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы ұйымдастырды.

Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі А. Сыздықов,  Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі Р.Маткеримов,  Қырғыз Республикасының Дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссиясы директорының орынбасары Г. Исаева, Н. Назарбаев орталығының діни ахуалды талдау және дінтану сараптамасы институтының басшысы Ержан Байбол, сондай-ақ, екі елдің ірі ғылыми-зерттеу, талдау құрылымдарының, жоғары оқу орындары мен діни бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Сарапшылар Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы елдегі және әлемдегі дінаралық саладағы жетістіктері мен стратегиялық бастамаларын талқылады.

Дөңгелек үстелде қатысушылар Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың халықаралық аренада рухани дипломатияны ілгерілетудегі көреген саясаты мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін өткізу бастамасының маңызын атап өтті. Сонымен қатар, сарапшылар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қоғамдағы бейбітшілікті, келісім мен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған реформаларының сабақтастығы мен маңыздылығына тоқталды.

Жалпы, дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның этностар мен діндердің өзара іс-қимылының бірегей қазақстандық моделін халықаралық аренада ілгерілетудегі бастамаларына, Съездің мақсаттарына нақты қолдау білдірді. Сондай-ақ бірлескен іс-шаралар шеңберінде конфессияаралық бағытты тиімді дамытуда практикалық тәжірибе алмасу бойынша мақсатты жұмысты жалғастыру туралы келісімге келді.

Естеріңізге сала кетейік, бейбітшілік пен келісім үшін конфессияаралық келісім мәселелері бойынша халықаралық дөңгелек үстелдер өткізу Армения, Венгрия, Германия, Малайзия және Түркияда жоспарланып отыр.