Жаңалықтар

Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Дүниежүзілік Ислам Лигасы Бас хатшысының кеңесшісі Абдулазиз Ахмад Сарханмен екіжақты кездесу өткізді

Бөлісу

 2021 жылдың 8 қазанында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкіл, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев Дүниежүзілік Ислам Лигасы (Сауд Арабиясы Корольдігі) Бас хатшысының кеңесшісі Абдулазиз Ахмад Сарханмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Съез Хатшылығы ХІХ отырысының қорытындысы бойынша пікір алмасып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезіне дайындық мәселелерін, сондай-ақ конфессияаралық саладағы тиімді өзара іс-қимылдың келешегін талқылады.

Болат Сәрсенбаев Съез Хатшылығының XIX отырысына қатысқаны және өркениетаралық, дінаралық диалогты сақтау мен қамтамасыз ету жөніндегі қазақстандық бастамаларды қолдағаны үшін Абдулазиз Ахмад Сарханға алғыс білдірді. Сонымен қатар, ол Съездің идеяларын, мақсаттары мен міндеттерін халықаралық деңгейде ілгерілетуде екі ұйымның ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде, Абдулазиз Ахмад Сархан осы кездесу үшін және қазақстандық тараптың жылы қабылдағанына ризашылығын білдіре отырып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін қалыптастырудағы, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың жаһандық өркениетаралық және дінаралық диалогты ілгерілетудегі рөлі атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Абдулазиз Ахмад Сархан үшін Н.Назарбаев орталығының Бейбітшілік және келісім мұражайында экскурсия өткізілді.