Жаңалықтар

Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев АҚШ "Lyn Community" Президенті Уэйд Кьюсакпен кездесті

Бөлісу

Қазақстанға сапары аясында АҚШ-тың "LAN Community" үкіметтік емес ұйымының президенті У.Кьюсак Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығында болды.

Кездесу барысында Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы орталықтың негізгі мақсат-міндеттерімен, сондай-ақ Съез Хатшылығының алдағы XIX отырысы мен 2022 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне белсенді дайындық жұмыстары туралы баяндады.

Орталық басшысы Қазақстан экономикалық бағытпен қатар, рухани жаңғыру жолымен де табысты жүріп келе жатқанын атап өтті. «Міне, 18 жыл бойы республикамыздың елордасы - Нұр-сұлтан - әлемнің географиялық және саяси карталарында Әемдік және дәстүрлі діндер лидерлері басқосатын мекенге айналды. Осы жылдар ішінде дін көшбасшыларының алты Съезі өтті. Оның жаһандық күн тәртібі - барлық дін мен мәдениеттің қарым-қатынасындағы проблемаларды бейбітшілік пен тұрақтылық мүдделері тұрғысынан талқылау. Сондай-ақ бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін ұсыныстарды әзірлей отырып, қазіргі жаһандық әлемнің өзге де өзекті мәселелерін талқылау - деді Б.Сәрсенбаев.  

Сонымен қатар, Болат Сәрсенбаев Қазақстан үшін азаматтық қоғамның үкіметтік емес ұйымдары секторымен ынтымақтастықтың басымдылығын ерекше атап өтіп, У.Кьюсак мырзаны Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін насихаттауға бағытталған дөңгелек үстелдер сериясына шақырды.

Тараптар сондай-ақ АҚШ үкіметтік емес "LAN Community" ұйымының алаңдары мен жыл сайынғы халықаралық діни бостандық Саммиті шеңберінде АҚШ аумағында әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеяларын ілгерілетуде әріптестік қатынастар орнату туралы уағдаласты.

Өз кезегінде, У.Кьюсак мырза Орталық Басқармасының Төрағасы Болат Сәрсенбаевқа ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылау мүмкіндігі үшін алғысын білдіре отырып, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегі мен Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың әлемдегі дінаралық келісімді қамтамасыз етудегі дәйекті саясатын атап өтті.

Сондай – ақ, "LYN Community" басшысы жаһандық конфессияаралық алаң-Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің бірегейлігін атап өтіп, бейбіт диалог пен келісімді халықаралық деңгейде ілгерілетудегі қазақстандық бастамаларды қолдауға дайын екенін білдірді.

Кездесу соңында У.Кьюсак Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған әлемдік және дәстүрлі діндерге арналған фотокөрменің жұмыстарымен танысты.