Биылғы жылдың 2 шілдесінде, Астана күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған «Ислам және адамзат: кеше, бүгін, ертең» атты халықаралық фотокөрме ашылды.
Фотокөрмені Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы Қазақстанның Ұлттық музейімен бірлесіп, жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырды.
Іс-шараға Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев, ҚР Ұлттық музейінің ғалым хатшысы Саялбек Ғиззатов, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Нұр-Сұлтандағы Рим-католиктік Әулие Мария Архиепархиясының архиеископы Томас Бернард Пэта, Успен кафедралды соборының сақшысы – Қазақстан Православие шіркеуі Астаналық шіркеу округінің протоиерейі Дмитрий Байдек, Дойенннің Қазақстан Республикасында аккредиттелген дуайеннің орынбасары, Палестина Мемлекетінің Елшісі Монтасер Абу Зейд мырза, сонымен қатар Қазақстандағы Грузия, Ирак, Оман және Америка Құрама Штаттарының шетелдік дипломатиялық миссияларының басшылары мен өкілдері қатысты.
Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы фотокөрмеге қатысушыларды құттықтай отырып, Болат Сәрсенбаев Тәуелсіз этносаралық және конфессияаралық толеранттылық құндылықтарына сүйене отырып, Қазақстанның әлемдегі ең ірі діндер өкілдері арасындағы диалогтың бастамашысы болғанын баса айтты. Н.Назарбаев Орталығының басты миссиясы – бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделін, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің идеяларын халықаралық деңгейде насихаттау. «Түрлі конфессиялар мен діндердің өкілдерін бір алаңға біріктіру арқылы біз бейбітшілік, келісім және ынтымақтастық идеяларын халықаралық қоғамдастықта нығайтуға және ілгерілетуге бірлесіп үлес қоса алатынымызға сенімдімін», – деді Болат Сәрсенбаев.
Сонымен қатар, Болат Сәрсенбаев жиналғандардың барлығын келе жатқан мерекемен құттықтай отырып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың есімін лайықты түрде алып жүрген елорданың тек Еуразия кеңістігінің орталығы ғана емес, жоғары деңгейдегі іс-шаралар алаңы және әлем картасындағы маңызды нүкте, сонымен бірге ел дамуының флагманы – армандар орындалатын, өмір сүріп, өркендеуге мүмкіндік беретін қала екендігін айтты.
Еске салар болсақ, «Ислам және адамзат: кеше, бүгін, ертең» атты фотокөрме Н.Назарбаев Орталығының халықаралық және отандық серіктестерінің оның ішінде: Исламабад Халықаралық Ислам Университеті (Пәкістан), Кавказ мұсылмандары басқармасы (Әзірбайжан), Ресей Федерациясы Мұсылмандары Діни Басқармасы, Халықаралық дінаралық диалог орталығы (Иран), Египет әл-Азхар университеті, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Қарағанды облыстық мешіті, Алматы қаласының орталық мешіті қолдауымен ұйымдастырылды.
Бұған дейін фотокөрменің жұмыстары Бейбітшілік және келісім сарайында, сондай-ақ Алматыдағы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде қойылған болатын.