Жаңалықтар

Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы мен Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің жұмыс кездесуі өтті

Бөлісу

Бүгін, биылғы жылдың 1 маусымында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Кистафинмен кездесті.

Кездесу барысында Болат Сәрсенбаев Н.Назарбаев орталығының басым бағыттарымен, мақсат-міндеттерімен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған халықаралық іс-шараларды өткізу жоспарларымен бөлісті, сондай-ақ 2022 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне дайындық барысы туралы айтты.

Орталықтың идеологиялық маңызы зор жобалары мен іс-шараларын жүзеге асырумен қатар, Болат Сәрсенбаев конфессияаралық саладағы Қазақстан мен Пәкістан арасындағы серіктестік қатынастар әлеуетінің басымдылығын атап өтті.

Дінаралық диалогты дамыту саласындағы ынтымақтастықтың келешегін атап өтіп, Қазақстанның Пәкістан Ислам Республикасындағы Елшісі Ержан Кистафин Орталықтың алдағы халықаралық іс-шараларын қолдауға, сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің стратегиялық міндеттерін жаһандық деңгейде ілгерілетуге дайын екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өркениетаралық және дінаралық дамудың өзекті мәселелерін талқылау, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен өтетін Съез бағыттарын насихаттау мақсатында Пәкістанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі мен Съез хатшылығы мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізуге уағдаласты.