Серіктестік орнату және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеяларын ілгерілету мақсатында ағымдағы жылдың 18 мамырында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы мен «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Университеттің халықаралық беделін, сондай-ақ оның әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу университеттерінің әлемдік қауымдастығына ену мақсатын ескере отырып, тараптар мемлекеттік және халықаралық аренада дінаралық диалогын одан әрі ілгерілету және өзара әрекеттесу туралы уағдаласты.
Жалпы жұмыс бағыттары мен жобаларды іске асырудағы басымдықтарды ескере отырып, Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев пен «Нұр-Мүбарак» университетінің ректоры Мұхаммед аш-Шахат әл-Жинди ынтымақтастық жайлы меморандумға қол қойды, ол бойынша ақпарат, кәсіби тәжірибе және жинақталған зерттеу материалдарымен алмасу, дін саласындағы мәселелер бойынша кездесулер мен ғылыми іс-шараларды ұйымдастыру, мамандардың біліктілігін арттыру бойынша оқыту семинарларын өткізу, деструктивті діни ағымдардың алдын алу және таралуына жол бермеу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қарастырылған.
Кездесу соңында Болат Сәрсенбаев бұл құжат тараптардың өзара тиімді болып табылатын бейбітшілік пен келісім стратегиясын, Н.Назарбаев орталығы мен «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті үшін маңызды саналатын діндер мен мәдениеттер диалогының құндылықтарын ілгерілету жөніндегі жемісті өзара әрекеттесу ниетін күшейтетініне сенім білдірді.
Бұдан бірнеше күн бұрын, 11 мамырда Алматыға жұмыс сапары аясында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Мұхаммед аш-Шахат әл-Жиндимен кездесу барысында серіктестікті нығайту туралы шешім қабылданған болатын.