18 мамыр күні Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев пен Қазақстан Республикасы ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының бастығы Айдар Сайтбеков өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморанның мақсаты - өркениетаралық және конфессияаралық диалог саласындағы өзара іс-қимылды жүзеге асыру, төзімділік пен келісім қағидаттарын дамыту.
Н.Назарбаев орталығы мен Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы академиясы арасындағы ынтымақтастық меморандумы талдамалық, ғылыми-зерттеу және басқа да бағыттағы басылымдар сериясын, конфессияаралық және этносаралық келісімнің бірегей қазақстандық моделін ілгерілетуге бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізуде екіжақты ақпараттық қолдау көрсетуді көздейді.
Тараптар Н.Назарбаев орталығы атынан Академия қызметкерлері үшін дәрістер ұйымдастыру және материалдарды дайындауда әдістемелік қолдау көрсетуге, ғылыми ақпарат, құжаттама, әдебиет және библиографиялық басылымдар, талдамалық зерттеу материалдарымен жүйелі түрде алмасуға сөз байласты. Сондай-ақ, шет тілдерін жетік меңгерген Академия студенттерін бірлескен іс-шараларға, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін және оның институттары жұмыстарына тәжірибе алмасу мақсатында жұмылдыруға келісті.
Еске сала кетейік, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев 12 мамырда Алматыға жұмыс сапары аясында ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының басшысы Айдар Сайтбековпен кездесу өткізіп, нәтижесінде серіктестік қатынастарды нығайту туралы шешім қабылданды.