Бүгін, 14 мамырда Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Алматыға жұмыс сапары барысында Алматы қалалық дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымовпен кездесті.
Кездесу барысы Ораза айт мерекесімен құттықтаудан басталып, ары қарай тараптар елдегі діни ахуалды, өркениетаралық құндылықтар мен дінаралық диалогты ілгерілету бойынша өзара ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
Болат Сәрсенбаев Орталықтың дінаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді орнатудағы миссиясы туралы айта отырып, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған халықаралық іс-шаралар жоспарларымен бөлісті. Осы ретте Орталықтың Басқарма Төрағасы Орталық базасында құрылған Діни ахуалды талдау және діни сараптама институтының жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы айтып өтті. Бүгінгі таңда институт республикадағы діни ахуалды бақылау, мемлекеттік-конфессиялық қатынастар саласындағы ғылыми зерттеулермен, оның ішінде діни сараптама жүргізумен айналысады.
Сонымен қатар, кездесудің маңызды тақырыптарының бірі – жаһандық өркениетаралық диалогтың маңызды элементіне айналған биылғы жылы өтетін Съез Хатшылығының 19-шы отырысын, сонымен қатар 2022 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті VII Съезіне дайындық жұмыстарын талқылау.
Өз кезегінде, Нұрлан Қиқымов алдағы іс-шараларға республикалық деңгейде де, халықаралық деңгейде де дайындық жүргізу мақсатында Орталық пен Алматы қаласы Дін істері басқармасы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі қолдауға ниет білдірді.
Тараптар дінаралық келісімді сақтауға, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруда өзара қолдау көрсетуге бағытталған бірлескен іс-шаралар ұйымдастыруға келісті.
Кездесу қорытындысы бойынша Болат Сәрсенбаев Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымовты биылғы жылдың 17 мамырында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мұражайында өтетін «Ислам және адамзат: кеше, бүгін, ертең» атты халықаралық фотокөрменің ашылуына, сондай-ақ 2021 жылдың 20 мамырында Н.Назарбаев орталығы өткізетін «Азия елдерінің ХХІ ғасырдағы мәдениеттер татуластығы» халықаралық онлайн-конференциясына қатысуға шақырды.