Жаңалықтар

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаевтың орталығы мен Қазақ ұлттық педагогикалық университеті әріптестікті дамыту жолдарын талқылады

Бөлісу

Еліміздегі жетекші жоғарғы оқу орындары және ғылыми-зерттеу ұйымдарымен ынтымақтастық орнату мақсатында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев биылғы жылдың 13 мамырында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаевпен кездесті.

Кездесу барысында Н.Назарбаев орталығының Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың халықаралық бастамаларын ілгерілетудегі негізгі мақсаттары мен міндеттері баяндалды.

Атап айтқанда, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет ректоры Т.Балықбаевқа Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар кешенін жүзеге асыру, сондай-ақ, 2021 жылы өтетін Съез Хатшылығының XIX отырысына және 2022 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне дайындық барысы туралы ақпарат берілді.

Еліміздің білім беру кеңістігінде Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің маңызды рөлін атап өткен Б.Сәрсенбаев діндер мен өркениетаралық диалогтың бірегей қазақстандық моделін ілгерілетуде ғылыми-сарапшылық қоғамдастықты қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында ұлттық университеттің ректоры Т.Балықбаев ортақ мақсаттағы серіктестікті дамытуға барынша күш салуға, сондай-ақ Н.Назарбаев Орталығының отандық келісім мен бейбітшілікті нығайтудағы жұмысына барынша қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар бірлескен іс-шаралар, діндер, мәдениеттер мен өркениеттердің рухани татулығын дамыту бойынша пікірталас алаңдарын ашу саласындағы ынтымақтастық туралы екіжақты әріптестік Меморандумына қол қоюға келісті.

Кездесу қорытындысы бойынша Болат Сәрсенбаев Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректорын биылғы жылдың 17 мамырында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мұражайында өтетін «Ислам және адамзат: кеше, бүгін, ертең» атты халықаралық фотокөрменің ашылуына, сондай-ақ 2021 жылдың 20 мамырында Н.Назарбаев орталығы өткізетін «Азия елдерінің ХХІ ғасырдағы мәдениеттер татуластығы» халықаралық онлайн-конференциясына қатысуға шақырды.

Еске салайық, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің серіктестіктерін орнату және идеяларын насихаттау мақсатында Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев биылғы жылдың 11-17 мамыр аралығында Алматыға жұмыс сапары шеңберінде жетекші жоғары оқу орындарының, ғылыми және үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен, Қазақстанның ірі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесулер өткізуде.