Құрметті Хасэгава мырза,
Сока Гаккай ұйымының қадірлі жоғары өкілдері,
Құрметті Суюндиков мырза,
Қадірлі қонақтар!
Ең алдымен, жапондық серіктестеріміз – Сока Гаккай ұйымына шақырулары, көрсеткен жылы ықыластары және бүгінгі кездесуімізді жоғары деңгейде ұйымдастырғандары үшін шынайы алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер.
Сока Гаккай Президенті, құрметті Минору Харада мырзаға бейбітшілік, адам қадір-қасиеті және халықтар арасындағы диалог мәселелеріне үнемі көңіл бөліп келе жатқаны үшін ерекше ризашылығымды білдіргім келеді.
Сока Гаккай Директорлар кеңесінің төрағасы Сигэо Хасэгава мырзаға және ұйымның жоғары өкілдеріне ынтымақтастығымызды қолдағандары және бүгінгі іс-шараны Токиода өткізуге мүмкіндік жасағандары үшін терең алғыс айтамыз.
Құрметті әріптестер!
Сока Гаккай ұйымына бейбітшілік мәдениетін, білім мен гуманизм құндылықтарын ілгерілету жолындағы қызметі үшін алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Бұл құндылықтар дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп келе жатқан Қазақстан үшін де өте жақын.
Бүгінгі кездесуіміз – көптеген жылдар бойы Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің тұрақты қатысушысы әрі қадірлі серіктесі болып келе жатқан Сока Гаккай ұйымымен әріптестігімізді дамытудың маңызды қадамы.
Кейде Қазақстан мен Жапония бір-бірінен алыс орналасқан елдер сияқты көрінуі мүмкін. Алайда тарих бізге география әрдайым қашықтықты білдірмейтінін, керісінше, көбіне байланыстыратын жол екенін көрсетеді.
Тарихи тұрғыдан Ұлы дала аумағы арқылы Ұлы Жібек жолының бағыттары өткен. Бұл жолдармен тек тауарлар ғана емес, сонымен бірге идеялар, көркемдік үлгілер және рухани дәстүрлер де тарады.
Осы ауқымды тарихи үдерісте буддизм ерекше орын алды. Ол Үндістан мен Орталық Азиядан бастап Қытай, Корея және Жапонияға дейінгі Азияның кең кеңістігін байланыстырды. Сондықтан буддистік мұра Еуразия кеңістігі тарихының маңызды бөлігі болып табылады.
Қазақстан аумағында буддизм мәдениетіне қатысты көптеген тарихи ескерткіштер сақталған. Олар Ұлы даланың ғасырлар бойы әртүрлі рухани дәстүрлердің өзара ықпалдасу кеңістігі болғанын көрсетеді. Буддистік ілім барлық тіршіліктің өзара байланыстылығын дәріптейді, ал қазақ даналығы: «Ырыс алды – ынтымақ» дейді. Яғни, береке мен игілік ең алдымен келісім мен бірліктен басталады. Дәл осы түсінікпен біз бүгін Жапонияда бейбітшілік пен болашақ алдындағы жауапкершілік туралы еуразиялық диалогты жалғастырып отырмыз.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық дамудың негізгі қағидаларының бірі ретінде «бірліктегі әралуандық» ұстанымын бірнеше рет атап өтті. Бұл қағида біздің халықаралық қызметіміздің де негізінде жатыр.
Қазақстанның маңызды бастамаларының бірі – 2003 жылдан бері әлемдік дінаралық диалогтың жаһандық алаңы ретінде қызмет етіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі. Бұл форумға әлемдік діндердің ірі рухани лидерлері қатысады.
2025 жылғы қыркүйекте Астанада өткен VIII Съезге әлемнің 60 елінен 100-ден астам делегация қатысты. Бұл халықаралық алауыздық күшейіп отырған қазіргі кезеңде диалогқа деген қажеттіліктің бұрынғыдан да арта түскенін көрсетеді.
Съездің аса күрделі халықаралық ахуал жағдайында, оның ішінде Газа секторындағы әскери қақтығыс жалғасып жатқан кезеңде өтуі ерекше маңызға ие болды. Біз осы сәттің күрделілігін түсініп, түрлі жағдайларға дайын болдық. Соған қарамастан, иудаизм, ислам және басқа да діндердің өкілдері диалогқа қатысуды жалғастырып, бір үстел басында қалды. Бұл біз үшін дәл осындай қиын кезеңдерде диалог алаңдарының маңызы ерекше арта түсетінін көрсеткен маңызды белгі болды.
Соңғы жылдары біз Съездің жастар және сарапшылық бағыттарын күшейтуге ерекше назар аударып келеміз. 2024 жылдан бастап Жас діни лидерлер форумы өткізіліп келеді. Ал 2025 жылдан бастап діни диалогты сараптамалық ұсыныстармен және нақты бастамалармен толықтыруға бағытталған Сарапшылардың дөңгелек үстелі іске қосылды.
Осы бағыт аясында екі тақырыпқа ерекше көңіл бөлінеді: климаттың өзгеруімен күрестегі діннің рөлі және діни салада жасанды интеллектіні қолданудың этикалық мәселелерін пайымдау.
Бұл мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталмаймын. Ең бастысы – бұл бағыттарда діни дәстүрлер рухани-адамгершілік тұрғыдан маңызды үлес қоса алады.
Бұл диалогта Қазақстан мен Жапонияның ортақ тарихи-адамгершілік жадының да маңызы зор.
Жапония Хиросима мен Нагасаки қасіретін есте сақтайды. Қазақстан Семей ядролық полигонының зардабын ұмытпайды. Бәлкім, сондықтан да біздің халықтарымыз бейбітшілікке үнемі назар аударудың, жауапкершілік пен жасампаз әрекеттің қаншалықты маңызды екенін терең түсінеді.
Бүгінде қасіретті тарихи жад экология, технология, білім беру және болашақ ұрпақты тәрбиелеу салаларында алдын алу мәдениетіне айналуы тиіс.
Құрметті әріптестер!
Мұндай бастамалар тек берік халықаралық серіктестік арқылы жүзеге асады. Осы тұрғыдан алғанда, Сока Гаккай ұйымының орны біз үшін ерекше. Сіздердің бейбітшілік мәдениетін, білім мен гуманизмді ілгерілетудегі көпжылдық тәжірибелеріңіз Қазақстан үшін диалогты дамытуда, сарапшылық алмасуда және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруда маңызды серіктестік негіз болып табылады.