Алматы, 2026 жылғы 8 қыргүйек
Алматы қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы Қазақстанның Діни бірлестіктер қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырған «Конфессияаралық қатынастарды нығайту үшін диалогты дамыту» атты екі күндік халықаралық диалог аяқталды.
Іс-шараға діни бірлестіктердің өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысып, конфессиялар арасындағы сенім мен өзара іс-қимылды нығайтудың практикалық тетіктерін талқылады. Қатысушылар қатарында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Әнуар Хатиев, Бас мүфтидің кеңесшісі Бижігіт Қойшиев, Religions for Peace Europe ұйымының президенті, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның дін немесе наным-сенім бостандығы жөніндегі сарапшылар тобының мүшесі, профессор Генти Круя, халықаралық сарапшы Изабелла Сергосян, сондай-ақ түрлі конфессиялар мен сарапшылық қауымдастықтың өкілдері болды.
Іс-шараға Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы атынан Әдістемелік жұмыс және жинақтау департаментінің директоры Дулат Жакиянов қатысты.
Талқылау барысында діни негіздегі стереотиптер мен кемсітушілікке қарсы іс-қимыл, дін немесе наным-сенім бостандығы, ұрпақтар арасындағы диалогты дамыту, сондай-ақ жасанды интеллектінің діни салаға ықпалы мәселелері қаралды.
Қатысушылар диалог негізінде бірлескен практикалық іс-қимылдарды дамытуға ерекше мән берді. Перспективалы бағыттар ретінде жастар мен әйелдердің дінаралық бастамаларға белсенді қатысуын кеңейту, әлеуметтік және білім беру жобаларын дамыту, осал топтарды қолдау, поляризацияның алдын алу және өзара құрмет мәдениетін нығайту белгіленді.
Қатысушылар орнықты дінаралық диалог институционалдық тетіктермен қатар, діни қауымдастықтардың тұрақты өзара байланысы мен бірлескен бастамаларға, өзара сенімді нығайтуға негізделуі тиіс екенін атап өтті.