ГҮЛСАНА ҚОЖАБАЙ,
БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ
Пленарлық сессия
ІІ Наровал бейбітшілік диалогы
Наровал Университеті (Пәкістан)
Сейсенбі, 2026 жыл, 5 мамыр
---
Құрметті министр Ахсан Икбал мырза,
Құрметті вице-канцлер, профессор, доктор Мұхаммад Зия-уль-Хақ мырза,
Құрметті ғалымдар, әріптестер, қатысушылар,
Наровал бейбітшілік диалогының осы маңызды сессиясында сөз сөйлеу мен үшін зор мәртебе.
Өзімнің кіріспе сөзімде айтып кеткендей, диалогты таңдау – шиеленіс пен белгісіздік кезінде қабылданған саналы шешім. Бүгін осы ойды жалғастырып, диалогты үдеріс ретінде қарастыруға рұқсат етіңіздер: оның қалай басталатыны, қалай қолдау табатыны және қандай жолмен нақты нәтижелерге алып келетіні туралы сөз қозғағым келеді. Өйткені бүгінгі таңда басты мәселе диалогтың маңызды екендігінде емес.
Басты мәселе — оны қалай нәтижелі әрі ықпалды етуге болатынында.
Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жұмысына қатысуы 2001 жылдан бастау алады. Ол кезеңде әлем 11 қыркүйек оқиғасының салдарынан елеулі күйзелісті бастан өткеріп жатқан еді. Қорқыныш, сенімсіздік және шиеленіс, әсіресе мұсылман қауымдастықтарына қатысты күшейе түсті. Дәл осы уақытта Рим Папасы Иоанн Павел II халқының басым бөлігі ислам дінін ұстанатын Қазақстанға келді.
Бұл аса қуатты символдық қадам болды.
Ол Қазақстанды Еуропа мен Азияның арасында, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, жүзден астам этнос өкілдері көптеген жылдар бойы бір-бірімен тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан ел ретінде сипаттап, «өркениеттер тоғысқан жер» деп атады. Бұл тәжірибе бөлінудің себебі емес, керісінше диалогтың негізі бола алатынын дәлелдейді.
Кейін, 2022 жылы VII Съезде Рим Папасы Франциск Қазақстанды «қауышу елі» деп атады.
Бұл сөздер тек әдемі символ ретінде ғана қалып қойған жоқ — ол болашақтың берік негізіне айналды.
2003 жылы Қазақстанда алғашқы Съезд өтті. Орталық Азиядағы жас мемлекет үшін бұл батыл әрі көп жағдайда белгісіздікке толы қадам болды. Іс-шараға тек 13 мемлекеттен 17 делегация қатысты. Сенім деңгейі өте төмен еді. Кейбір қатысушылар тіпті бір-бірімен қол алысуға немесе бір үстел басында сабырмен отыруға да дайын болмады.
Соған қарамастан, олар келді.
Бірінші Съезд маңызды бір ақиқатты дәлелдеді: диалог келісімнен басталмайды, ол бір-бірінің жанында болуға және тыңдауға дайындықтан басталады.
Уақыт өте келе бұл бастама жаһандық платформаға айналды. Бүгінде Съезд шамамен 60 елден келген 100-ден астам делегацияны рухани көшбасшылар деңгейінде біріктіреді. Қатысушылар қатарында Рим Папасы Франциск, әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмед әл-Тайеб, Израильдің бас раввиндері, Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кирилл, Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы шейх Мұхаммад бен Абдулкарим әл-Иса және өзге де көптеген діни дәстүрлердің өкілдері бар. Сондай-ақ жұмысқа БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ және ICESCO сияқты халықаралық ұйымдар да тартылған.
Алайда басты құндылық оның ауқымында емес, сабақтастығы мен тұрақтылығында. Өйткені диалог үздіксіз жалғастыруды талап етеді.
Мұндай кездесулердің маңызы орасан зор, өйткені ондай басқосулар болмаса шиеленіс сөзсіз күшейе түсер еді. Дәл осы жерде — тек негізгі келіссөздер алаңында ғана емес, сонымен қатар кулуарларда, жабық кездесулер барысында да қатысушылар күрделі мәселелерді ашық талқылауға, түсініспеушіліктерді жоюға мүмкіндік алады. Ал кейде бейресми әңгімелер ресми сөз сөйлеулерден де маңыздырақ рөл атқарады.
Осы сабақтастықты қамтамасыз ету үшін Съезд Секретариат пен Жұмыс тобы арқылы өз қызметін жүзеге асырады. Дәл осы құрылымдар үдерістің үздіксіздігін қамтамасыз етіп, күн тәртібін қалыптастырады және қорытынды құжаттарды әзірлейді.
Осы орайда, Жұмыс тобының қызметіне қосқан тұрақты үлесі үшін, соның ішінде негізгі қорытынды шешімдерді әзірлеуге елеулі ықпал еткені үшін профессор, доктор Мұхаммад Зия-уль-Хақ мырзаға алғысымды тағы да білдіргім келеді.
2025 жылғы қыркүйекте өткен VIII Съезд аса шиеленісті халықаралық жағдай аясында өтті. Газадағы ахуал эмоциялар мен терең келіспеушіліктерді туындатты. Біз мұндай сәтте діни көшбасшыларды жинау тек маңызды ғана емес, сонымен қатар аса тәуекелді қадам болатынын анық түсіндік. Соған қарамастан, біз бір кеңістікке мұсылман әлемінің өкілдерін, соның ішінде әл-Азһармен және Дүниежүзілік ислам лигасымен байланысты көшбасшыларды, Израильдің бас раввиндерін, сондай-ақ христиан, буддизм, индуизм, джайнизм, даосизм және синтоизм өкілдерін біріктіре алдық. Бұл бүкіл әлем, оның барлық қайшылықтары мен шиеленістеріне қарамастан бір залға жиналған сәт болды.
Дегенмен, диалог жалғасын тапты.
Қатысушылар алаңды тастап кеткен жоқ. Олар бір-бірін тыңдады, сөз сөйледі, пікір алмасты, бірақ диалогтан қол үзбей, оған белсенді түрде қатысып отырды.
Нәтижесінде 2025 жылғы Астана бейбітшілік декларациясы қабылданды. Онда бейбітшілікке, бірлікке және адамның қадір-қасиетіне адалдық расталып, рухани дипломатияның рөлі ерекше атап өтілді, ал Секретариатқа бірқатар нақты бастамаларды іске асыру жүктелді. Декларация БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының ресми құжаты ретінде таратылып, оның халықаралық маңызы бекітілді. Бұл терең поляризация жағдайында да адамзаттың ортақ моральдық тіл таба алатынын дәлелдейтін айқын айғақ болды.
Сонымен бірге Съезд қызметі жоғары деңгейдегі кездесулермен ғана шектелмейді. Біз диалог тек пікір алмасу алаңы емес, сонымен қатар білім мен практикалық тәсілдерді қалыптастыруы тиіс екенін түсіндік.
Сондықтан 2025 жылы Сараптамалық дөңгелек үстел құрылды. Оның мақсаты — диалогты тек пікір алмасу шеңберінен шығарып, оған талдамалық әрі практикалық сипат беру. Өйткені диалог адамдарды тек біріктіріп қана қоймай, қақтығыстардың алдын алуға да ықпал етуі тиіс.
Осы орайда біз Наровал университетіндегі серіктестерімізбен және құрметті вице-канцлер мырзамен ынтымақтастықтың зор әлеуетін көріп отырмыз.
Тағы бір маңызды бағыт — жастар. Өйткені олар болашақ көшбасшылар болып, шешім қабылдайтын буынға айналады. Жас діни көшбасшылар форумы арқылы біз диалогтың болашағын айқындайтын тұлғаларға, яғни жаңа ұрпаққа инвестиция саламыз. Сондай-ақ 2028 жылы Астанада өтетін Үшінші жас діни көшбасшылар форумына Пәкістан өкілдерін қатысушылар қатарынан көрсек қуанарымыз сөзсіз.
Сонымен қатар біздің қызметіміз шынайы халықаралық сипатқа ие. Біз Ватиканмен бірлескен бастамаларды жүзеге асырып, БҰҰ алаңдарында өзара іс-қимыл жасап, әртүрлі құрлықтардағы серіктестермен ынтымақтастықты дамытып келеміз. Бір мезгілде біз заманауи жаһандық сын-қатерлерге жауап бере отырып, күн тәртібін кеңейтіп отырмыз. Қазіргі уақытта екі маңызды құжат бойынша жұмыс аяқталу сатысында тұр:
- «Климаттың өзгеруімен күрестегі діннің рөлі туралы құжат» — өйткені климаттың өзгеруі тек экологиялық мәселе ғана емес, сонымен қатар жауапкершілік, әділеттілік, әлемге қамқорлық және ең осал қауымдастықтарды қолдаумен байланысты моральдық мәселе болып табылады;
- «Діни саладағы жасанды интеллект этикасы жөніндегі құжат» — өйткені болашақты тек технологиялар ғана емес, сонымен қатар құндылықтар да айқындайды.
Құрметті әріптестер, Съезд тәжірибесі диалогтың тек әдемі сөздер немесе жұмсақ риторика ғана емес екенін көрсетті. Бұл — күрделі, жүйелі әрі ұқыпты атқарылатын жұмыс. Ол институттарды, сенім ахуалын, сабыр мен әңгімені жалғастыруға дайындықты талап етеді, тіпті кетіп қалу әлдеқайда оңай болған сәттерде де.
Сондықтан Наровал бейбітшілік диалогы мен Діни лидерлер Съезінің маңызы ерекше. Олар дағдарыс пен трагедияның өзі де алға қарай конструктивті жолдың бастау нүктесіне айнала алатынын көрсетеді. Қазақстан үшін мұндай сәт 11 қыркүйек оқиғалары болса, Пәкістан үшін — құрметті министрге жасалған шабуыл болды.
Біздің ортақ жауапкершілігіміз — диалогтың тек қағида ретінде ғана емес, сонымен қатар тірі тәжірибе ретінде де сақталуын қамтамасыз ету.
Назарларыңызға рақмет.