Жаңалықтар

Қазақстан конфессия, мәдениет, дін және өркениет диалогын дамыту тәжірибесімен бөлісті

Бөлісу

Биылғы жылдың 13-14 наурызында Мысыр Араб Республикасының Вакуфтар министрі Мұхаммед Мұхтар Жұма Мабруктың шақыруымен  Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Мысыр Араб Республикасының Президенті Абдул-Фаттах Халил Ас-Сисидің бастамасымен Каирде өткен «Діндер мен мәдениеттер диалогы» халықаралық конференциясына қатысты. 

Халықаралық конференция аясында жетекші ғылыми орталықтардың, университеттердің әлемдік сарапшылары, діни бірлестіктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, араб елдерінің Вакуфтар жөніндегі министрлері, Мысыр Араб Республикасы парламентінің депутаттары, шет мемлекеттер, сонымен қатар Египеттің беделді қоғамдық және саяси қайраткерлері әлемдегі  діни ахуалды дамытудың өзекті мәселелерін, COVID-19 пандемия кезіндегі өзгерістер жағдайын,  мәдениетаралық диалог пен рухани бірлікті нығайту мәселелерін талқылады.

Конференцияға Мысыр Араб Республикасының Вакуфтар министрі, ислам істері жөніндегі жоғарғы кеңестің төрағасы - Мұхаммед Мұхтар Джума, әл-Азхардың бас имамы, шейх Мұхаммед Ахмад Ат-Тайеб, Мысыр Араб Республикасы Парламенті Дін істері комитеті төрағасының орынбасары - Усама Мұхаммед Хасан Ал-Абд, Аль-Азхар Ислам зерттеу академиясының бас хатшысы - Назир Мұхаммед Әл-Назир Аяд, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы - Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстандағы Мысыр Ислам мәдениеті университетінің (Нұр-Мүбарак) ректоры - Мұхаммед аш-Шахат әл-Жинди және басқа да ғалымдар, зерттеушілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев өз сөзінде Мысыр Президенті Абдель Фаттах Ас-Сисиге осы шараға шақырғаны үшін алғыс айтып, әлемнің 35 араб және мұсылман елдерінің, Мексика, Норвегия және басқа да мемлекеттердің әлемдік сарапшыларына дін саласындағы негізгі мәселелерді талқылауға мүмкіндік берген халықаралық конференцияның маңыздылығын атап өтті.

Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы  Болат Сәрсенбаев өз сөзінде Қазақстан Республикасы барлық елдерді және көшбасшыларды үнемі дағдарыстардың, әсіресе рухани және діни дағдарыстың алдын-алу шараларын қабылдауға шақыратынын баса айтты. Сондай-ақ, әлемдік саясатта діндер, мәдениеттер диалогының идеялары мен құндылықтарын ілгерілетуде шешуші рөл атқаратын Мысырдың ұстанымы Қазақстан үшін үлкен қызығушылық тудыратынын жеткізді.

«Өздеріңіз білетіндей, Мысыр Араб Республикасы Қазақстан үшін Таяу Шығыс аймағында, араб әлемінде және мұсылман қауымдастығында маңызды серіктес болып табылады. Мысыр тәжірибесіндегі біз үшін ең маңыздысы - әлеуметтік, діни тепе-теңдікті сақтау мәселесін тек мемлекеттік институттардың күштері шеше алмайтынын түсіну.

Бұл үйлесімділік пен қауіпсіздікке қол жеткізудегі рухани миссиясын бағалау қиын болатын әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері арасындағы кең диалогты қажет етеді. Мысыр басшылығы мен Мысырдың жоғарғы діни қызметкерлері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезіне алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті. Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылында мәдениеттер мен өркениеттер диалогын дамытудағы, әртүрлі конфессия өкілдерінің ең өзекті мәселелерін шешудегі диалог алаңына айналып үлгергені анық», - деді Болат Сәрсенбаев.

Сонымен қатар, Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Мысыр Араб Республикасының Жоғарғы Мүфтиі Шауки Алляммен, Мысыр Араб Республикасы Парламенті Дін істері комитеті төрағасының орынбасары  Усама Мұхаммед Хасан Ал-Абдпен, «Academic International de Lyon» орталығының бас директоры Мұхаммед Тарватпен, Мысыр газетінің басқарма төрағасы Абдулла Раджаб аш-Шарифпен және алдағы Әлемдік дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезінің басқа да әлеуетті қатысушыларымен кездесті.

Еуропалық Апостолдық Көшбасшылар ұйымының басшысы Норвегиялық пастор Ян-Онге Торппен кездесу барысында Қазақстан Республикасына үлкен қызығушылық танытты және Болат Сәрсенбаевты өзінің әлем бойынша таратылатын «Осло пастор Торппен» авторлық бағдарламасына қатысуға шақырды. Аталған бағдарлама бүкіл скандинавиялық христиандардың «Visjon Norge» телеарнасының бірінші спутнигіндегі тек Норвегияда ғана емес, сонымен қатар кейбір скандинавиялық елдерде көрсетіледі.

Қазақстандық делегация құрамындағы  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасының Египеттегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Мысыр Араб Республикасының Вакуфтар министрі, Ислам істері жөніндегі жоғарғы кеңестің төрағасы Мұхаммед Мұхтар Жұмамен  кездесті, сондай-ақ, Басқарма Төрағасы Мысыр Араб Республикасының исламдық оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттермен кездесуге қатысты.

Ресми кездесулер кезінде және халықаралық, египеттік бұқаралық ақпарат құралдарының журналистерімен өткен брифингте: «Radio of Egypt» Египет радиосы, «Akhtar Al-Masai», «Akhbarelyom» баспа және интернет газеттері, «Roaya-eg.com», «Еlwatnalakbr.com», «Аlwasela.com», «Аlhram-elmasry-news.com» жаңалықтар сайттарына  Болат Сәрсенбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың конфессияаралық және өркениетаралық диалогты сақтау мен қамтамасыз етудегі, конфессиялар арасындағы бейбітшілік пен келісімнің тиімді стратегиясын құрудағы рөлі туралы айтты.

Сондай-ақ, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі, Н.Назарбаев орталығы директорлар кеңесінің төрайымы А.Балаеваның басшылығымен және Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қолдауымен XIX Хатшылыққа, 2022 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев пен Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың қатысуымен өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезіне дайындық барысына тоқталды.

Өз кезегінде Мысыр тарапының өкілдері Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлін, сондай-ақ Елбасымыз Н.Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың діндер, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы жаһандық диалогты ілгерілетудегі айрықша үлесін жоғары бағалады және алда болатын Әлемдік дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне қатысуға дайын екендіктерін білдірді.