Жаңалықтар

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы мен Өзбекстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Ислам өркениеті орталығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Бөлісу

2021 жылдың 3 наурызында Ташкентте Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев пен Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Ислам өркениеті орталығының директоры Шоазим Миноваров өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандумның мақсаты өркениетаралық және конфессияаралық диалог саласындағы ортақ жобаларды жүзеге асыру, толеранттылық пен келісім қағидаттарын дамыту болып табылады.

Тараптар дінаралық диалогты дамытудағы өзара тәжірибе алмасу, сондай-ақ екі мемлекет аумағында осы бағыттағы кездесулер, іс-шаралар, форумдар мен саммиттер ұйымдастыру мәселесі бойынша келісімге келді.

Екі тарап та әлемнің тұрақты дамуының іргелі шарты әртүрлі конфессиялар, этностар мен мәдениеттер арасындағы диалог, сыйластық пен достық екенін алға тартты.

Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев діни және ғылыми сарапшылар қауымдастығының түрлі конфессиялық қатынастары саласындағы іргелі, қолданбалы, зерттеу жобаларын дамытудағы рөлінің өсіп келе жатқандығын, діндер арасындағы толеранттылықты нығайту, сондай-ақ екі бауырлас ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, Болат Сәрсенбаев 2022 жылы Н.Назарбаев орталығының ұйымдастыруымен өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі мен  Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаевтың басшылығымен, Қазақстан Республикасы Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қолдауымен 2021 жылы өтетін  XIX Секретариатқа дайындықтың маңыздылығына ерекше назар аударды.

«Өздеріңіз білетіндей, Өзбекстан – біздің мемлекетіміздің маңызды серіктестерінің бірі ғана емес, бізге дос, бауырлас мемлекет.  Қазақстан рухани білім беру, дінаралық диалогты ілгерілету, екі ел арасындағы тәжірибе алмасу саласындағы терең ынтымақтастыққа ерекше мән береді. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың конфессиялар мен өркениеттер арасындағы диалогты қамтамасыз етудегі, халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісімнің тиімді стратегиясын әзірлеудегі рөлін атап өту маңызды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін жан-жақты қолдағаны үшін ризамыз. Осы жылдар ішінде Съезд жұмысы - әртүрлі конфессия өкілдерінің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған тиімді құралға айналып үлгерді. Өзге елдер мен өркениеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы жемісті жұмысының арқасында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі шынымен де Қазақстанның танымал символы мәртебесіне ие болды.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеяларын ілгерілету және оны диалогтың жаңа деңгейіне шығару жұмыстарын бірлесіп жалғастыру маңызды деп санаймын. Тек ынтымақтастық, бауырмалдық қасиеттері ғана  бізге бүкіл әлемдік қоғамдастықтың әл-ауқатын жақсарту мен ортақ мақсаттарға жетуге мүмкіндік береді», - деді Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы.

Болат Сәрсенбаев Өзбекстанға жұмыс сапары барысында Өзбекстан мұсылмандары басқармасының төрағасы, мүфти У.Алимовпен, Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ф.Арзиевпен, Палестина Мемлекетінің Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохаммад Таршаханимен кездесті.

Айта кету керек, өзбек тарапының бастамасымен кездесулер жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, ақпараттық агенттіктердің ресми интернет-ресурстары мен республикалық телеарналардың эфирінде кеңінен жарияланды. Атап айтқанда, Болат Сәрсенбаев жетекші «Өзбекстан 24» телеарнасына, «Muslim.uz», «Batafsil.uz», «Uza.uz» жаңалық порталдарына және басқа да БАҚ-қа сұхбат берді.

Анықтама: Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының мақсаты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының конфессияаралық және өркениетаралық диалогты сақтау және қамтамасыз ету, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеяларын насихаттау жөніндегі бастамаларын халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған.

Ислам өркениеті орталығы Өзбекстан Президенті Ш.М. Мирзиёевтің бастамасымен құрылып,  мұсылман әлемі үшін үлкен мәдени және білім беру маңызы бар бірегей ғимаратқа айналуды көздейді.

Орталық өзбек халқының ұлы ғылыми және мәдени мұрасын зерттеумен қатар, әлемнің әртүрлі діндері мен мәдениеттеріне деген толерантты көзқарас,  құрметпен қарау идеяларын сақтау мен насихаттауға бағытталған.