Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съездерінің, Баку әлемдік діни лидерлер саммиттерінің идеялары мен шешімдерін ілгерілету, конфессияаралық және өркениетаралық диалог саласындағы халықаралық бастамаларды кеңінен насихаттау, мәдениеттер мен діндердің рухани жақындасуына ықпал ету және сындарлы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Баку Дінаралық және өркениетаралық ынтымақтастық халықаралық орталығының Бас Хатшысы Шейх-уль-Ислам Аллахшукур Пашазаде мен Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаев орталығы Басқармасының Төрағасы Алтай Әбибуллаев 2020 жылдың 7 желтоқсанында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумның мақсаты – өркениетаралық, дінаралық және конфессияаралық диалогты, толеранттылық пен келісімді дамыту саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру, дінаралық және конфессияаралық диалогтың жаһандық платформалары – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі мен Баку әлемдік діни лидерлер саммитінің тарихи маңыздылығы мәселелері бойынша өзара түсіністікті дамытуға жәрдемдесу.
Тараптар өзара қатысу және бірлескен іс-шаралар өткізу, дінаралық, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілетуге бағытталған диалог алаңдары мен пікірталас алаңдарын ашу, дін лидерлері, көрнекті мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, Орталық өкілдерінің қатысуымен қонақ дәрістерін, сараптамалық кездесулер ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізді.
Бұған дейін Баку Дінаралық және өркениетаралық ынтымақтастық халықаралық орталығының Бас Хатшысы Шейх-уль-Ислам Аллахшукур Пашазаде «Біз жоғары мәртебелі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамытуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалаймыз. Мен дұға етіп, құдіретті Құдайдан біздің халықтарымыз бен елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін біздің одан әрі ынтымақтастығымыздың оң болуын сұраймын» деген болатын.
Анықтама үшін: Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаев орталығының миссиясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының діндер мен өркениетаралық диалогты сақтау және қамтамасыз етуге қатысты бастамаларын ілгерілету, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеяларын халықаралық деңгейде насихаттау, халықаралық диалогты ілгерілету бойынша жаңа бастамаларды дайындауға бағытталған.
Баку Дінаралық және өркениетаралық ынтымақтастық халықаралық орталығын (BCIC) құру бастамасы 2017 жылы 21 желтоқсанда Баку қаласында Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Алиевтың жариялауымен Ислам ынтымақтастығы жылы аясында өткізілген «2017жыл – Исламдық ынтымақтастық жылы: конфессияаралық және мәдениетаралық диалог» конференциясы қатысушылары тарапынан ұсынылып, мақұлданған болатын.
Орталықтың қызметі мәдени әртүрлілікті, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамытуға, әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жаһандық қатерлер мен сын-қатерлердің алдын алуға бағытталған халықаралық бастамаларды ілгерілетуді мақсат етеді.