– Құрметті Алтай Ибрагимұлы, өткенге көз жүгіртсек... 1991 жылы желтоқсанда ел тарихы қалай өрбіп еді? Бұл күннің маңызы қандай?
– Тәуелсіздік шежіресін парақтар болсақ, ел тарихындағы маңызды күндердің бірі – ол әрине 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен жалпыхалықтық Президент сайлауы. Себебі дәл осы күні басқа мемлекеттер секілді Қазақстан да егемен елдің құқықтық–саяси мақсатын жүзеге асырып, барлық қоғам жұдырықтай жұмыла өз еркін білдіріп, ескі тоталитарлық жүйеден құтылды. Себебі дәл осы күні совет заманында сырттан Мәскеу тағайындап беретін көшбасшыны Қазақ халқы тұңғыш рет өзі таңдады. Ендеше 1 желтоқсанның маңызы мен патриоттық құндылығына ешкімнің таласы жоқ шығар.
Аталған дәуірде Елбасының мойнына артылған жүк айтарлықтай зор болды. Өйткені ғасырлар тоғысып, заман алмасқан тұста ел бірлігі, тәуелсіз Қазақстанның болашағы қалай болар екен деген сұрақтың жауапкершілігі өте ауыр еді. Сол күрделі кезеңнен бүгінге дейінгі уақыт аралығында Қазақстанның жемісті де жеңісті кезеңдері бәрінің көз алдында. Одан бөлек Тұңғыш Президентіміздің жаһандық бастамалары мен әлемдегі тұлғалық абыройы осы уақытпен біте қайнасып жатыр. Әлбетте, уақыттың ұлы көшіне ілесіп, іргелі ел болу жолында Елбасымыздың есімі қашанда бірінші орында тұрары сөзсіз және дәуірлер алмасқан сайын Нұрсұлтан Назарбаев еңбегінің бағасы да арта түсері хақ. Соның дәлелі ретінде мысалы, бүгінгі күнді айтуға толық негіз бар.
2011 жылы жан-жақты толық қолдау тапқан, мемлекеттік деңгейде аталып өтетін мереке – Тұңғыш Президент күні. Жалпы, мұндай мереке әлемдік тәжірибеде мақұлданған, саяси маңызы зор дәстүр. Сонымен қатар, ең алдымен жас ұрпақ осы мереке арқылы Тәуелсіз Қазақстанның өткен белестерін, тарихын танып білуге үлес қосатын дата деп білемін. Сондықтан қай жағынан алып қарасақ та, аз уақыттың ішінде Қазақстанды аяғынан тұрғызған тұлғаның еңбегін дәріптеу – ол тағылым. Мемлекеттің мерейін өсіретін мереке.
– Елбасының жаһандық бастамалары дедіңіз... Кеңінен тоқталып өтсеңіз?
– Ең алдымен Нұрсұлтан Әбішұлының әлемдегі тұлғалық абыройы мен жаһандық бастамалары қазақ елінің қоршаған әлеммен бейбіт қарым-қатынасының кепілі деуге болады. Өйткені тәуелсіздікті жариялау бір де, тәуелсіздікті баянды етіп жер тұтастығы мен ел ынтымағын сақтап қалу бір басқа. Осындай айырмашылықты көптеген елдердің, оның ішінде Совет Одағының шекпенінен шыққан республикалардың тарихынан көріп отырмыз.
Қазақстан болса Тәуелсіздігін жариялаған алғашқы жылдардан-ақ өз ұпайын қалт жібермей байсалды саясат жүргізуде. Сондағысы Елбасының ұйытқы болуымен жасалып жатқан әрбір бастама әлемдік қауымдастықта қолдау тауып келеді. Мейлі Еуразиялық Одақ құру болсын, мейлі ЭКСПО-ны өткізу, біздің елдің ең беделді деген халықаралық ұйымдарға төрағалық етуі мен ғаламдық қауіпсіздікті нығайту саласындағы маңызды бастамалары болсын.
Аталған игі шаруалардың бірегейі жаһанда діни қақтығыстар орын алып жатқан тұста Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыру болып табылады. Бұл идея да көптеген мемлекет басшыларының, белгілі саясаткерлер мен дінбасыларының қолдауын тауып, 2003 жылдың қыркүйек айында Астанада келелі басқосуға ұласты. Форумның негізгі идеясы да сол – дінге, нәсілге, ұлтқа бөлінбей, жер шарындағы адамдарды бейбіт әрі лайықты өмір сүруге үндеу. Әр үш жыл сайын елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алты съезіне ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және өзге дәстүрлі діндер басшылары мен көрнекті өкілдері қатысты. Осының арқасында Сарыарқаның төрі әлемнің беделді тұлғаларын тоғыстырған диалог алаңына айналды. Өз кезегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі – жан-жақты зерделеуге және одан әрі ілгерілетуге лайықты бірегей құбылыс» деген баға берді.
Күллі дін өкілдерінің бейбітсүйгіш болмысын насихаттау арқылы барлығын бір арнаға жинау, әлемде өзара түсіністікті нығайту арқылы тыныштық орнату бүгінде айрықша маңызға ие. Осы тұрғыдан алғанда Съездің халықаралық қауымдастыққа берері мол. Алысқа бармай-ақ, жан-жағымыздағы келеңсіз оқиғаларды, діннің атын бүркемелеген терроризм мен экстремизммен байланысты қауіп-қатерлерді баршамыз көріп отырмыз. Осындай олқылықтарға тойтарыс беру үшін жасалған қадам бүгін өз нәтижесін беруде. Әрине, мұндай Съезге бастамашыл болып, оны жүзеге асыру үшін бірінші өзімізде бірлігі мығым қоғам болуы керек. Бүгінде біз сондай үлгілі елдің моделін қалыптастыра алдық деп бек сеніммен айта аламын. Бұл сайып келгенде Елбасы еңбегінің жемісі және мемлекетіміздің сыртқы саясатындағы жетістіктерінің бірі.
– Сіз басқарып отырған Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының негізгі мақсаты осы Съез идеологиясын ілгерілету ғой?
– Иә, дұрыс айтасыз. Біздің орталық осы мақсатта біраз ауқымды шаралар атқаруда. Құрылғанына көп уақыт болмаса да, діннің саясат пен қоғамда, қарапайым халықтар арасындағы өзектілігін айқындау үшін жұмыс жасап жатырмыз. Әсіресе, пандемия кезеңінде сынға түскен қарапайым дәстүрлі отбасылық құндылықтар, дінаралық диалог, халықтар арасындағы моральдық татулық, адамгершілік, иман секілді қағидаттарды жаңғырту бүгінгі күннің өзекті мәселесі деп білемін.
Сондай-ақ, Орталық Съезд қатысушыларымен серіктестік, достық қатынас орнатып, жаһандық шаралардың бастамашысы болып жүр деп айтсам қателеспеймін. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен қазіргі қалыптасқан эпид-ахуалға қарамастан жүйелі істер жалғасуда. Мәселен, Орталық ағымдағы жылда ғана 20-дан аса конфессияаралық бағыттағы шаралар ұйымдастырып, жаһандық кездесулерге белсене қатысты.
Жалпы, Орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – Қазақстанның бірлікке бастар саясатын әлемдік аренада ілгерілету және өркениетаралық қатынастардың халықаралық дәрежедегі ұйымы ретінде танылу. Осы мақсаттың негізінде Орталық халықаралық серіктестерін кеңейту жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Нәтижесінде Н.Назарбаев Орталығы Дүниежүзілік ислам лигасы (Сауд Арабия Корольдігі), Король Абдулла ибн Абдулазиз Халықаралық конфессияаралық және мәдениет аралық диалог орталығы (KAICIID), БАӘ-нің Халықаралық мәдени дипломатия институты, БҰҰ Өркениеттер Альянсымен, Исламабад халықаралық ислам университетінің Исламды зерттеу институты, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетімен, Ватикандағы Папа Кеңесімен меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, ортақ мүдделі мақсаттарға бірге жету үшін Орталығымыз Назарбаев университетімен арада ынтымақтастық меморандумын жасасты. Алдағы уақытта серіктестер тізімі Иордания корольдік институты, Египеттегі «әл-Азһар әл-Шариф» Дінаралық диалог орталығы және басқа да бірқатар халықаралық ұйымдармен толығады, ол үшін бүгінгі таңда келіссөздер жүргізілуде.
Жалпы, ұлы қазақ дейтін еліміз жаңа мыңжылдықта да әртүрлі халықтарды бір арнаға тоғыстырып, бейбіт өмірге бастама болатын киелі мекенге айналарына сенемін және осы мақсатта біздің Орталық тамшыдай болса да үлес қосатынына қуанамын.
– Осы ретте «Рухани жаңғыру» бағдарламасын айтпау кетуге болмайтын шығар. Бағдарлама аясында қандай жұмыстар атқарылды?
– Әрине, біз жарқын өмірге бетбұрыс жасайтын кез келген бағдарламаны жүзеге асыруға, оны насихаттауға дайынбыз. Қазір өздеріңіз білетіндей, ақпараттық-технология заманы. Бұл заманда әлеуметтік ортаның, әлеуметтік желілердің маңызы орасан. Олай болса ортақ құндылықтар, татулық, түсіністікке жету мақсатында біз осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға ерекше мән беріп отырмыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздегі киелі орындарды анықтап қалпына келтіру, олардың картасын жасау көзделгені бәрімізге белгілі. Осы бағыт бойынша Қазақстанның киелі нысандарына замануи бағытта Орталықтың ресми сайты мен әлеуметтік парақшаларында 3D турлар ұйымдастырып, оның барысында әр нысанға жеке-жеке тоқталып, шығу тарихы мен ерекшелігін үш тілде қамтыуға күш салып жатырмыз. Тиісті тізімде Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен бастап, көне Түркістан, Отырар, Сауран, Сығанақ қалашықтары бар. Орталық парақшаларын әлемдік деңгейдегі серіктестеріміз бен өзге де шетел азаматтары оқитынын назарға алсақ, еліміздің киелі орындарын шетел азаматтарына да таныстырудың оңтайлы жолы.
– Алтай Ибрагимұлы, келелі сұхбатыңызға шынайы алғыс білдіреміз, «Тұңғыш Президент» күні қарсаңында лебізіңізді білдірсеңіз?
– Аға буынға ілтипат көрсетуден таймаған, кішіге ізет көрсетуде жолынан жығылмаған Қазақ дейтін текті халықтың Тәңір бұйыртқан несібесі әркез мол болсын деймін. Азаттығымыз да, Қазақтығымыз да мәңгі, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!